Ақпараттық технология саласындағы кәсіпорындардың кірісі 5 жылдың ішінде 90-нан 242 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды

АЛМАТЫ. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ақпараттық технология саласындағы кәсіпорындардың кірісі былтыр 90 миллиард теңгені құрады.

Ақпараттық технология саласындағы  кәсіпорындардың  кірісі  5 жылдың ішінде 90-нан 242 млрд. теңгеге дейін  ұлғаяды

Бұл жайлы кеше Алматыда өтіп жатқан «Software Engineering Summit-2010 Қазақстан» форумында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақпараттық технология саласындағы кәсіпорындардың кірісі былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға кеміп, 97-ден 90 миллиард теңгеге дейін азайған болатын. Компьютерлік құрал-жабдықтар шығыны ақпараттық технологиялық қызмет шығындарынан 5 есеге асып түсті.

Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Дамушы салалар департаментінің жоғары технология саласы басқармасының бастығы Бақытжан Битеміровтің айтуынша, 2010-2014 жылдары жыл сайынғы өсім компьютерлік құрал-жабдықтарда 12 пайызды құрамақ. Ал ол лицензиялық бағдарламамен қамтамасыз етуде - 26 пайыз, ақпараттық технологиялық қызметте 27 пайызға дейін өседі. Кәсіпорындардың кірісі компьютерлік құрал-жабдықтарда - 69-дан 147 миллиард теңгеге, лицензиялық бағдарламамен қамтамасыз етуде - 7-ден 36 миллиард теңгеге, ақпаратық технологиялық қызметте 14-тен 58 миллиард теңгеге дейін артады деп жоспарлануда.