Ақпараттық технологиялар мен ақпараттық қауіпсіздік бойынша жоғары оқу орындары арасында олимпиада өтеді
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат - Олимпиадаға қатысуға техникалық оқу орындарының 3, 4 курс студенттері мен магистранттары шақырылады.
Өтінімді 2013 жылғы 2 сәуір мен 4 сәуір аралығында http://olimpiada.ctsat.kz сайтында беруге болады. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.
Аталған білім сайысын Мемлекеттік техникалық қызмет РМК және Қарағанды техникалық университеті ұйымдастырып отыр.
Олимпиада «Ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік», «Радиотехника және телекоммуникация» атты екі секция бойынша өтеді.
Олимпиадаға қатысу арқылы болашақ мамандар күрделі теориялық тапсырмаларды шешуде өз күштерін сынға салып, тәжірибе алмасады. Сонымен бірге, олимпиадаға қатысушылар ҚР Көлік және коммуникация министрлігіне қарасты «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК қызметкері атануына әлеуетті үміткер болып табылады. Зияткерлік сайысқа қатысу тегін, ал жеңімпаздар смартфон және планшет секілді бағалы сыйлықтарға ие болады.