Ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар нарығы дағдарысқа қарамастан белсенді түрде дамыды - «KazTransCom» АҚ президенті
Оның айтуынша, нарықтағы барлық компанияларда алға жылжу байқалған. «Дағдарыс кезінде банктер мен құрылыс саласында төмендеу байқалды. Ал телекоммуникация нарығында керісінше 2 пайыздық өсім байқалды. Соның айғағы нарықтағы белді ойыншылардың бірі «KazTransCom» АҚ былтырғы жылын табысты аяқтады. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «KazTransCom» АҚ таза пайдасы 1,9 миллиард теңгені құрады. Материалдық емес активтер 27 пайызға, негізгі құралдар 12 пайызға, тұтынушылар саны 20 пайызға өсті. 2012 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында электробайланыстан 2009 жылмен салыстырғанда 9 пайыз артық табыс таптық. Көбірек үлес негізінен ұялы байланыстан (57 пайыз), интернеттен (11пайыз), қосымша байланыстан(18 пайыз) түсті»,- деді А.Ержанов.
Ол былтырғы компания үшін жылдың маңызды оқиғасы ретінде алыс-жақын шет елдік компаниялармен байланыс орнату болғандығын айтады. Ресейлік «Синтерра», «Өзбектелеком», қытайлық China Telecom-мен байланыс магистралдық оптикалық-талшық желісінің жалпы ұзындығының 20 пайызын құрады. «Бұл бағытта біз желілер мен телекоммуникацияны дамытуды жалғастырып отырмыз. Бұл реттегі алғашқы қадамның бірі телекоммуникация нарығындағы басқа компаниялар сияқты тарифті төмендетуге талпынамыз.Оптикалық-талшық желісінің құрылысы алдымен осы мақсатта жасалуда»,- деді ол.