Ақпараттық технологияны оқу бағдарламасына енгізу - сапалы білім алудың және жемқорлықтың алдын алудың ең тиімдісі - Р. Алшанов
АЛМАТЫ. 18 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Жоғары оқу орындарында жемқорлықпен күресудің жақсы тәжірибесі жиналған.
Оның ішінде ақпараттық технологияны оқу бағдарламасына енгізу, интернетке қосылып, қашықтықтан білім алу жүйесі бар. Мұндай технология барлық ЖОО-ларға енгізілсе, студенттер үшін мүмкіндіктер артады, оқытушыны таңдай алады, тосқауылдар азаяды, дарынды балаларға жол ашылады, әр баланың нағыз білім алуына мүмкіндік жасалады, жемқорлық азаяды, қоғамда пара беру арқылы оқуды бітіріп диплом алуға болады деген пікір жоғалады. Бұл туралы бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де жоғары оқу орындарындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жолдарын талқылауға арналған жиын барысында Республикалық ЖОО-лар қауымдастығының төрағасы Рахман Алшанов айтты.
Оның пайымдауынша, оқуға келген студент білімді, бәсекеге қабілетті маман иесі болып шығу үшін келгендігін түсінуі қажет. "Қазақ Ұлттық университетіне келген әр студент өз мектебінен келген ең дарынды, талантты, талапты оқушылар. Сол сияқты басқа да ЖОО-ға түсушілер сондай дарынды балалар деп білеміз. Біз сондықтан барлық университет студенттеріне сапалы білім алуларына жағдай жасауымыз қажет, жемқорлықтың алдын кесу үшін осы ақпараттық технологияны оқу бағдарламасына енгізуіміз қажет. Бұл бағдарлама бойынша оқитын студенттің көрсеткіштері, білімі, бағасы бәріне, ата-анасына, оқу басшылықтарына айдай ашық көрініп тұрады. Сондықтан бұл тәжірибені нәтижелі деп айтуға болады. Қазір бір, екі университетте жақсы тәжірибе жиналған. Біздің мақсатымыз - осы тәжірибені басқа ЖОО-ға жеткізу, енгізу. Соңғы 3-4 жыл ішінде ақпараттық технология, компьютерді енгізу жақсы қолға алынып, алға басты. Қиын кез артта қалды, қазір жағдай түзелді, мемлекет тарапынан қолдау өсті, озық технологияларға көңіл бөлу мүмкіншілігі артты. Елімізде білім саласы қарқынды дамып келе жатыр", деп атап өтті ол.
Рахман Алшанов сонымен қатар, "сырттай оқитын студенттер үшін қашықтықтан оқыту жүйесін барлық оқу орындарына енгізу керек", деп атап өтті. "Ол ең алдымен "сырттай оқитын студенттер параны көп береді" деген пікірдің жойылуына ықпал етеді әрі олар сапалы білім ала алады. Қашықтықтан оқыту жүйесінің тиімділігі, ол үйінде отырып-ақ білім алады, ол әсіресе спортшыларға, жұмыс істей отырып білім алып жүргендерге, баламен отырғандарға ыңғайлы. Бүгінде бұл жүйемен оқыту іске енді, рұқсат берілді. Қазір еліміздің 28 жоғары оқу орны қашықтықтан оқыту жүйесін енгізді", деді Р. Алшанов.