Ақпараттық жүйені тиімсіз пайдаланған басшы жазаланады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда ақпараттық жүйені тиімсіз пайдаланғаны үшін бірінші басшыға жауапкершілік қатаңдатылмақ. Бұл жайныда бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін ақпараттық жүйені пайдалану бір критерий бойынша ғана жүргізілді. Ол бойынша небәрі екі көрсеткіш бағаналанды. Мемлекет басшысының тапсырмасын ескере отырып, аталған бағалау бойынша мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының жауапкершілігін арттыру ұсынылады. Бұған қоса, енгізілген ақпараттық жүйені бірінші кезекте мемлекеттік органдардың басшыларының пайдалану мәселесі тұр», - деді Абаев.
Оның айтуынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірге әзірленген мемлекеттік органдардың ұйымдық даму тиімділігін бағалау әдісінің үш санаты бар.
«Біріншісі - бұл мемлекеттік қызметті көрсету үшін пайдаланылатын ақпаратты жүйе. Екіншісі - мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыру үшін қолданылатын ақпараттық жүйе. Үшіншісі - сәулеттік порталдарда тіркелген ақпараттық жүйелердің үлесі», - деді министр.
Дәурен Абаевтың сөзіне қарағанда, 2016 жылдан осы уақытқа дейінгі бағалаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің 32 пайызы ақпараттық жүйе интерфейсінің қызметін түсінбейтіндігі анықталған.