Ақпарттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер енгізетін заң жобасы Мәжіліске жіберілді
АСТАНА. Маусымның 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарттық-коммуникациялық желілер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Парламент Сенатының Экономикалық және өңірлік саясат комитетінің төрайымы Нұрлығайым Жолдасбаеваның айтуынша, заң жобасының мақсаты интернет ресурстарда ақпаратты орналастыру мәселелерін реттеудің құқықтық тетігін заң жүзінде бекіту болып табылады. Сонымен қатар ол азаматтар мен заңды тұлғалардың интернет арқылы ақпаратпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша конституциялық құқықтарын қорғауды қамтамасыз етеді. Заң жобасы еліміздің басты заңының талаптарымен сәйкес келеді. «Құжатты қарау барысында біз Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының және ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс, пікірлерін тыңдадық. Бұл салада халықаралық тәжірибе де негізге алынды. Бас комитет заң жобасын қарау барысында оған 7 мәселе бойынша түзету енгізді», деді депутат. Отырыста Бас комитет енгізген түзетулермен бірге құжатты жан-жақты талқылаған сенаторлар оны Мәжілістің қарауына жіберу қажет деп шешті.