Ақсақалын ардақтаған ұйғыр халқы

Орталықта 7 кеңес жұмыс істейді. Оның ішіндегі ең ардақтысы - ақсақалдар кеңесі үлкен-кішіге ақыл-кеңесін беріп, этностың ішіндегі даулар мен келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге атсалысады. Орталыққа қатысы бар ұйғыр атаулы олардың ақылынан аттап өткен емес. Ал жастар ісі жөніндегі кеңес аты айтып тұрғандай жастар мәселелерімен айналысады. Бұл кеңестің мүшелері түгелге жуық «Жас Отан» немесе Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» кеңесінің жұмысына белсене араласатын жалынды жастар.
- Ұйғыр жастары үлкеннің сөзінен аттап өтпейтін, ата-анасына қарсы келмейтін қасиетімен ерекшеленеді. Қандай да бір іс-шара өткізетін болсақ та, жастардың көмегіне жүгінеміз. Олар сөзімізді жерге тастаған емес, - дейді Рустам Абдусаламов.
Мәдениет және дін мәселелері жөніндегі кеңес ұйғыр және басқа да халықтардың салт-дәстүрін үйрену, оны кеңінен насихаттауға көбірек көңіл бөледі. Сондай-ақ, жас ұрпақтың жат ағымдардың жетегінде кетіп, адаспауы үшін жол көрсетіп отырады. Жалпы, ұйғыр халқы дәстүрлі мұсылман дінін ұстанады. «Ұйғыр жастарының радикалды ағымдарға ілеспеуі халқымыздың дәстүр мен дінге беріктігінен болса керек» дейді Рустам Абдусаламұлы. Ұйғыр халқының тағы бір ерекшелігі - «жігіт биши» деген дәстүр (биши - бас деген мағына береді). Оны дәстүр деуге бола ма, әлде белгілі бір ұлттың өзіне ғана тән қасиеті ме екен, бір сөзбен айтқанда - ұлттың ұйымшылдығы. Яғни, байланыс орнатудың әскери тәртібі. Әрбір ұйғыр этномәдени орталығының әр ауылға шейін өз өкілі бар. Астанадағы бас кеңседе бір шешім қабылданса, оны 10 минуттың ішінде ауыл-аймақтағы ұйғырлар тегіс естиді.
Келесі бір кеңес - әйелдерге тиесілі. Онда, әрине, отбасы берекесі, түрлі іс-шараларға дайындық, жалпы, әйелдер мәселелері шешімін тауып жатады. Соңғы спорт және шығармашылық кеңестері әрине, үлкен-кішінің бос уақытын тиімді өткізуі үшін жұмыс істейді. Арнайы би тобы, әншілері, Алматыда ұйғыр театры бар. Биылғы 1 мамыр мерекесінде Ұйғыр ауданынан 30 өнерпаз Астанаға келіп, екі күн бойы талмай өнер көрсетіпті. Ақысыз.
«Осы ұйғыр халқының өкілдері көбінде қай салада жұмыс істейді?» деген сауалымызға Астана қалалық ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы Рустам Абдусаламұлы былай жауап қатты:
- Әрине, олар әр түрлі салаларда жүр. Бірақ халқымыздың қанына сіңген, табиғатынан етене салалар баршылық. Біріншіден, ас дайындау шеберлігі, екінші - сауда-саттық, үшінші - диқаншылық. Ұйғыр асханасы қазір ең дәмді асханалардың біріне айналды. Олардың лағманханалары еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыс істеп тұр, - дейді төраға.
Жалпы, орталық Елбасы Н.Назарбаевтың «Жүз нақты қадам» бағдарламасы аясында өз жұмысын жемісті жүргізіп отыр. Ол жұмыстар келешекте де өз жүйесімен жалғаса бермек. Елбасының сарабдал саясатының арқасында ұйғыр балаларының ана тілінде білім алуға мүмкіндігі бар. Республика бойынша 62 мектеп ұйғыр тілінде сабақ береді, соның ішінде 12 оқу ордасы - таза ұйғыр мектептері. Онда 15 мың жеткіншек білім алуда. Ұйғыр тілінде шығатын 1 республикалық және 3 жекеменшік газет, 4 журнал бар екен. Салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттап, өз мәдениетін жас ұрпаққа өнеге етуде бұл орталықтың орны ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойына ұйғыр халқының да қосар үлесі баршылық.
Жанат Қапалбаева