Ақсай қаласында пәтердегі өрт орнынан 58 жастағы ер адамның мүрдесі табылды
ОРАЛ. KAZINFORM – Ақсай қаласында бес қабатты үйден өрт шығып, оқиға орнынан 58 жастағы ер адамның мүрдесі табылды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 18 маусым күні таңға таман болды.

«Сағат 04.31-де қаланың 4-шағынауданында көп қабатты үйде өрт болып жатқаны жөнінде хабар түскен. Төртінші қабаттағы пәтерлердің бірінде аумағы 20 шаршы метр асүй бөлмесі отқа оранған. Өрт орнынан пәтер иесі – 1966 жылғы ер адамның денесі шығарылды. Үйдің бесінші қабатынан автобаспалдақтың көмегімен 6 адам эвакуацияланса, соның біреуі – бала. «Тілсіз жау» сағат 05.20-да оқшауланып, 05.30-да ауыздықталды. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде. Осыған дейін облыста жыл басынан бері өрт салдарынан 3 адам көз жұмған еді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 59 жастағы ер адамның өзіне-өзі қол жұмсағанын жазған болатынбыз.