Ақсай қаласында үшем дүниеге келген Күзембаевтар отбасына үш бөлмелі пәтер берілді

ОРАЛ. 29 наурыз. ҚазАқпарат - Бөрлі ауданының әкімі Марат Түсіпқалиев үшем дүниеге келген Күзембаевтар отбасына үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.

Ақсай қаласында үшем дүниеге келген Күзембаевтар отбасына үш бөлмелі пәтер берілді

Үшемді анасы Динара Сарғожиева 3 наурыз күні Орал қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта өмірге әкелген болатын. Бұлардың екеуі қыз да, біреуі - ұл. Бұдан бұрын да  үлкен ұлдары бар Асан мен Динара көп балалы отбасы болып шыға келді. Мұндай оқиға Бөрлі ауданында 51 жылдан кейін қайталанып отыр. 1961 жылы Бөрлі ауылында Ананчик отбасында үш қыз дүниеге келген.

Үшемнің әкесі Асан Күзембаев аудандық телекоммуникация торабында бас инженер болса, Динара Сарғожиева - «Қазпошта» АҚ аудандық бөлімшесінің бас бухгалтері. Олардың екеуінің де жасы 32-де. Көп бала табу Динараның қанында бар. Соғыстан кейінгі жылдары Динараның әжесі дүниеге үшем келтірген екен.

Жас отбасына «Қазақтелеком» АҚ атынан теледидар, «Қазпошта» АҚ-дан ақшалай сыйлық тапсырылды. Аудан басшысы оларға бұдан былай да қолдау-көмек көрсетіліп тұратынын жеткізді.