Ақсайдағы өндіріс ошақтары қала сыртына шығарылатын болады
Оның айтуынша, қала ішінде орналасқан асфальт зауыты секілді өндіріс орындары тұрғындардың өкпе-ренішін туғызуда. Сондықтан алдағы уақытта ауданның бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, өндіріс орындарының орны мен аумағы нақтыланатын болады. Бұдан бөлек даму деңгейі жоғары Пугачев, Жарсуат, Кеңтүбек, Приурал, Киров ауылдарының бас жоспарын жасау ойластырылуда.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында атап өтілгендей, ауданда Березов, Бестау ауылдарының тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары аяқталу үстінде. Қазіргі таңда Ақсайға іргелес Аралтал ауылындағы 100 үйдің құрылысы толықтай бітіп, тұрғындарды көшіру жалғасуда. Күні бүгін 92 отбасыға пәтер кілті тапсырылып, соның 62-сі қоныстанып үлгерді. Жуырда Ақсай қаласындағы 9 қабатты екі тұрғын үйдің құрылысы мәреге жетсе, тұрғындарды көшіру 15 қазанға дейін аяқталмақ.
Айта кетейік, ауданның биылғы бюджеті - 10 млрд теңге. Сегіз айда мемлекеттік бюджетке салық түрінде 78,6 млрд теңге жиналды. Негізгі капиталға 92,9 млрд теңге инвестиция қосылса, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1044,6 млрд теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы өнімі көлемі 866,6 млн теңгені құрап, өткен жылғыдан 9,9 пайызға көбейді.