Ақселеу Сейдімбектің сынға ұшыраған ескерткішін алып тастап, орнына басқасын қояды - әкім

ЖАҢААРҚА. ҚазАқпарат - Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Құсманғали Жаңаарқа ауданында жазушы Ақселеу Сейдімбекке қойылған ескерткіш жайында пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақселеу Сейдімбектің сынға ұшыраған ескерткішін алып тастап, орнына басқасын қояды - әкім

«Бүгін Жаңаарқа ауданында ел азаматы Ақселеу Сейдімбекке арналған ескерткіш ашылды. Өкінішке қарай, әрине, көркемдік орындалуы сын көтермейді. Осыған байланысты, аздаған түсінік беру орынды болар. Біріншіден, ескерткіш не облыстық, не республикалық комиссияның қарауынан өткен жоқ! Яғни, бір де бір құзырлы мемлекеттік орган оны мақұлдаған жоқ. Дегенмен, эскизі ауызша түрде аудан әкімімен келісілген болатын. Екіншіден, ескерткішті жасап, орнатуға бюджеттен бір теңге де жұмсалмаған. Толығымын демеушілердің қаржысына істелген. Үшіншіден, және, ең бастысы, ескерткішті жасауға тапсырысты Ақселеу ақсақалдың туған-туыстары жасады»,- деп жазды Ғалымжан Құсманғали әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, облыс әкімдігі бұған араласқан жоқ.

«Бұл түсініктемені жазудың себебі - ақталу емес, түсінік беру. Енді бұл мәселемен аудан болып, облыс болып айналысамыз, орын алған олқылықты түзетеміз» дейді ол.

Кейіннен ескерткіш мәселесіне аудан әкімі Юржан Бекқожин де араласты.

«Бұл ескерткішті Ақселеу Сланұлының інісі Асылхан Сейдімбек өз қаражаты есебінен жасатып, барлық құжаттары дұрыс екендігін жеткізген. Алайда, бүгінгі күні жаңадан ашылған ескерткішке қатысты азаматтар тарапынан бірқатар наразылықтар туындауда. Ақселеу мүсіні менің де көңілімнен шықпады. Осыған орай, ескерткішті тапсырыс берушілерге қайтару туралы шешім қабылданды. Орнына талапқа сай, тұлғаның бейнесіне сәйкес келетін ескерткіш қою үшін тиісті шаралар қолданылады»,-деп хабарлады Жаңаарқаның әкімі.

Еске сала кетейік, біз бүгін Ұлытау облысының Жаңаарқада ауданында жазушы, этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбекке ескерткіш қойылғанын хабарлаған болатынбыз.

Дегенмен әлеуметтік желіде көпшілік ескерткіштің ешқандай сын көтермейтінін айтып, жауаптылар мұндай өнер туындысын қалай қабылдап алғанына таңданған еді.