АҚШ 75 елдің азаматтарына виза беруді тоқтатпақ

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемдепартаменті бұл шешімді өтінім берушілерді бақылауды қатайту шараларының аясында қабылдап отыр, деп хабарлайды DW.

Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан АҚШ визасы үшін кепілдік жарна төлейді
Фото: Kazinform

Fox News телеарнасының мәліметінше, жаңа шектеулер 21 қаңтардан бастап енгізіледі және қосымша хабарланғанға дейін күшінде болады. Шектеу тізіміне Ресеймен қатар Ауғанстан, Бразилия, Мысыр, Иран, Ирак, Йемен, Нигерия, Сомали, Таиланд және басқа да елдер енген.

Телеарна дерегіне сүйенсек, Мемлекеттік департаменттің қызметтік жазбасында бұл шешім «қоғамға салмақ салуы мүмкін» деп саналатын өтініш иелерінің жолын кесу үшін қабылданған. Яғни Вашингтон енді виза беруде қауіпсіздікпен қатар әлеуметтік тәуекел факторын да назарға алмақ.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік департаменті қылмыстық әрекеттерге байланысты 100 мыңнан астам визаны жойған болатын. Сондай-ақ Дональд Трамп әкімшілігінің шетелдік студенттерге қатысты саясатын қатайту аясында алты мыңнан аса студенттік виза кері қайтарылғаны хабарланды.

Ресми деректерге сәйкес, бұл жағдайлардың басым бөлігі шабуыл жасау, мас күйінде көлік жүргізу, ұрлық-қарлық және терроризмді қолдау сияқты құқықбұзушылықтармен байланысты.

Қысқасы, АҚШ виза саясатын қайта қарау арқылы елге кім кіріп, кімнің кірмейтінін бұрынғыдан да қатаң бақылап отырмақ.

Осыған дейін АҚШ-тың Орталық Азия азаматтарына 15 мың АҚШ долларға дейін визалық кепілдік жарна енгізгені туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар