АҚШ «Әл-Каиданың» Йемендегі лагеріне әуеден соққы жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Американың ӘӘК-і «Әл-Каида» экстремистік тобының Араб түбегінде орналасқан жаттығу лагеріне (АКАП) әуеден соққы жасап, ондаған содырдың көзін жойды, деп хабарлады Пентагон.

АҚШ «Әл-Каиданың» Йемендегі лагеріне әуеден соққы жасады

«Бұл әуе шабуылы АКАП-тың Йеменді америкалық азаматтарға қауіп төндіретін шабуыл базасы ретінде пайдалану мүмкіндіктеріне күрделі зиян келтірді. Бұл сондай-ақ біздің «Әл-Каиданы» жойып, ол үшін қауіпсіз орындарды болдырмауға деген ынтамызды көрсетіп отыр», - деп мәлім етті Америка Қорғаныс министрлігінің өкілі Питер Кук.

«Әл-Каиданың» Йемен оңтүстігінде орын тепкеніне біраз уақыт болды. Оның құрамына кіретін сүннит содырлар хуситтермен (көтерілісші шейіттер) қырғын соғыс жүргізіп жатыр.

Бұған дейін «Әл-Каида» содырларының Йеменнің оңтүстігіндегі Ахвар қаласын басып алғаны белгілі болды.

Йемендегі қарулы қақтығыс 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Көтерілісші хуситтер мен бұрынғы президент Әли Абдалла Салехке адал болып қалған ел әскерінің бір бөлігі өздері қуған президент Абд Рабб Мансұр Хадидің жасақтарына қарсы соғыс жүргізіп жатыр.