АҚШ арзан АИТВ вакцинасын мақұлдады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек басқармасы (FDA) АИТВ-ның алдын алатын вакцинаның патенттелмеген нұсқасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі ABC News-ке сілтеме жасап.

АҚШ арзан АИТВ вакцинасын мақұлдады
Фото: citizen.co.za

Бұл шешім «ленакапавир» (lenacapavir) препаратын төмен бағамен сату, осы арқылы халқының табысы аз және орташа 120 елге таралуын жеделдету жолындағы маңызды қадам.

Дәрі-дәрмектің бір адамға шаққандағы жылдық бағасы шамамен 40 доллар болады деп күтіледі. Күнделікті профилактикалық таблеткалардан айырмашылығы, «ленакапавир» әлдеқайда ұзақ аралықпен егіледі. Екі зерттеу жүргізіліп, препарат соның екеуінде де тәуекел топтарында инфекция жұқтырудың дерлік толықтай алдын алған.

Тағы бір маңызды артықшылығы қолданудың қарапайымдылығы болып отыр. Unitaid компаниясының АИТВ-ға қарсы күрес бөлімінің басшысы Кармен Перес Касастың айтуынша, адамдар күнделікті дәрі-дәрмек режимін әрқашан ұстана бермейді, сондықтан таблеткалардың вирустың алдын алудағы тиімділігі төмен. Ленакапавир бұл жағдайды айтарлықтай жақсартуы мүмкін. 

Clinton Health Access Initiative қолжетімді препараттың бүкіл әлемде оған мұқтаж 20 миллионға жуық адам үшін демеу болатынын айтады. Сарапшылар бұл АИТВ эпидемиясымен күресте маңызды қадам болуы мүмкін деп санайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, өткен жылы әлемде шамамен 41 миллион адам АИТВ жұқтырған, ал 570 000 адам АИТВ-ға байланысты себептерден қайтыс болған.

Gilead халқының табысы төмен және орташа елдергі «ленакапавир» жеткізген жалғыз компания болды. Былтыр Gilead өндірісті қамтамасыз ету үшін препарат өндіретін алты компаниямен өтеусіз лицензия негізінде келісім жасасты. Бұл лицензиялар Сахара, оңтүстік Африка, Азия және Латын Америкасындағы бірнеше елге таратылады.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, препарат осы елдерге алғаш рет бірнеше апта ішінде жеткізіле бастайды. Ал қосымша тіркеу қажет етілетін елдерде препараттың сатылымға шығарылуы ұзақ уақыт алуы мүмкін.

Патентсіз ленакапавир АҚШ-та сатылмайды. Себебі Gilead Sciences компаниясының басқа Yeztugo препараты патенттелген болатын. Сақтандыру полисі жоқтар үшін, бұл препараттың бөлшек саудадағы бағасы жылына 28 218 долларға дейін жетеді.

Былтыр жазда Еуропа Одағы АИТВ-ға қарсы жаңа вакцинаны қолдануға рұқсат берген еді.

Данияда анадан балаға АИТВ мен сифилис жұғуы толық тоқтатылды.