АҚШ әскері кеткеннен кейінгі Ирак: қарулы топтарды бақылауға алуға Бағдаттың қауқары жете ме
АСТАНА. KAZINFORM – Халықаралық коалицияның миссиясы аяқталғаннан кейін, Ирак үкіметі елдегі қарулы құрылымдарды толықтай бақылауына алып, мемлекет тарихында жаңа кезең басталуы тиіс еді. Алайда шетелдік әскерді шығару мерзімі жақындаған сайын Бағдаттың аталған жоспарды жүзеге асыруы қаншалықты қиын екені айқындала түсті. Елдегі үкіметке бағынбайтын жасақтардың қаруды тапсыру уақыты не себепті 2027 жылдың маусымына шегерілді және Ирак билігі үшін қандай қиындықтар бар – осы мәселелерді сараптап көрген едік.
Коалиция кеткенмен, қаруды тапсыру үдерісі неге жүзеге асқан жоқ
Ирак үкіметі 30 қыркүйекке дейін АҚШ бастаған халықаралық коалицияның қалған әскери күштерін толықтай елден шығаруды жоспарлаған еді. Соның нәтижесінде республика аумағындағы қарулы топтардың қаруын мемлекеттік бақылауға қабылдауды көздеді.
Бағдат бұл екі міндетті бір-бірімен тығыз байланыста қарастырды. Өйткені, ресми билікке бағынбайтын жасақтар Ирактағы шетелдік әскери күштермен күресіп жатқанын жылдар бойы айтып келді. Ал халықаралық коалиция мемлекеттен шығып кетсе, онда аталған топтарға қаруын тастамауға себеп қалмайды. Себебі, енді соғысатын шетелдік әскер жоқ. Ирак үкіметінің есебі осындай еді.
Ондай жағдайда әскери операцияларды жүргізу құзіреті мен мүмкіндігіне тек үкімет қана ие болатын. АҚШ контингенті, расында да, биыл елден кетуге дайындалды. Қыркүйектің ортасында Ирактың солтүстігінде қалған жүздеген америкалық әскери қызметші негізінен Иорданияға және аймақтағы басқа елдерге көшірілді. Сонымен қатар, коалиция өз нысандарын қорғау үшін пайдаланған әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарын және т.б. әскери жабдықтарын да алып кетті.
30 қыркүйекте Ирак АҚШ бастаған халықаралық коалиция миссиясының аяқталғанын жариялады.
Бағдат коалиция миссиясының аяқталған уақытын егемендік мерекесі деп жариялап, 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында халыққа демалыс берілді. Нақтырақ айтқанда, Ирак Премьер-министрі Әли әз-Заиди 1 қазан Егемендік күні деп белгіленгенін мәлімдеді.
Together we're all one team. Team #CJTFOIR. Together we train and work hard, to maintain stability and security. This training focused on refining interoperability with our Syrian Partners. Weapon effectiveness of both forces in the joint environment is key to our success to #DefeatISIS. @usarmycentral @CENTCOM @10MTNDIV
— Operation Inherent Resolve (@CJTFOIR) August 7, 2025
Еске салайық, халықаралық коалицияның миссиясы 2014 жылы «Ислам мемлекеті» Ирактың едәуір аумағын басып алғаннан кейін басталды. Сол кезде Бағдат халықаралық әскери көмек сұраған болатын. Террористік топтың негізгі күштері талқандалып, ол басып алған аумақтарынан айырылғаннан кейін Ирак билігі республикадағы шетелдік әскерді барынша қысқартуға ұмтылды. Себебі, үкімет содырлардың қалған ұсақ жасақтарын өз күшімізбен еңсере аламыз деп есептеді.
2024 жылы Бағдат пен Вашингтон коалиция миссиясын кезең-кезеңімен тоқтату туралы келісімге келді. Миссия аяқталғаннан кейін де Бағдат коалицияға қатысушы мемлекеттермен екіжақты негізде ынтымақтастықты жалғастыруды жоспарлап отыр. Касим әл-Араджидің айтуынша, мұндай серіктестік барлау ақпаратын алмасуды, тәжірибе бөлісуді, сондай-ақ Ирак күштерінің дайындығы мен мүмкіндіктерін арттыруды қамтиды.
Алайда әскер шығару мерзімі жақындаған сайын қарулы топтардың бір мезгілде қарудан бас тартуға дайын еместігі айқын болды. Үкімет шетелдік серіктестерімен әскерді шығару тәртібін үйлестіргенімен, ел ішіндегі мәселелерді шеше алған жоқ. Кей жасақтардың қолбасшылары қосымша талаптар қойып, қару-жарағын өткізуге асыға қоймады. Салдарынан Бағдат бастапқыда өзара байланысты деп қарастырған екі үдеріс бір мезетте жүзеге аспай, әртүрлі кесте бойынша жүре бастады.
The New York Times газетінің 21 қыркүйекте жарияланған санында Ирак Премьер-министрі Әли әз-Заиди осы тақырып төңірегінде берген сұхбаты жарияланды. Онда спикер елдегі үкіметке бағынбайтын жасақтардың қаруын өткізетін жаңа мерзімді мәлімдеді, яғни 2027 жылдың 30 маусымын атады.
Премьер ұсынған жоспарға сәйкес, коалиция кеткеннен кейін 90 күндік кезең басталады. Осы уақытта қарулы топтар шабуылды тоқтатуы, ал АҚШ оларға қарсы соққы жасаудан бас тартуы тиіс. Бұдан кейін қаруды мемлекетке біртіндеп беру үдерісі басталып, ол 2027 жылғы 30 маусымға дейін аяқталуы керек.
Бұл тәртіп сақталған жағдайда бірінші кезең қазан-желтоқсан айларын қамтиды, ал қару-жарақ арсеналдарын тапсыру уақыты 2027 жылдың алғашқы жартысына сай келеді.
Демек, осы қосымша тоғыз ай үкіметке келіссөздерді атыс-қантөгіссіз жалғастырып, белгілі бір ымыраларға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Бұл қарулы топтарға да тиімді. Олар өздерінің болашағына қатысты қауіпсіздік кепілдіктерін келісіп алуға және қаруды тапсыру шарттарына ықпал етуге уақыт ұтады.
Үкіметке бағынбайтын жасақтар қаруын тапсыруға неге асықпайды
2003 жылы Иракқа АҚШ басып кіргеннен кейінгі соғыстар мен саяси дағдарыстар салдарынан әскери құрылымдар елдің маңызды секторларына орнығып үлгерген. Әз-Заиди олармен келіссөз жүргізуге мәжбүр.
Қарулы құрылымдардың ауқымды кіріс көздері және билік органдарында жақтастары бар. Сол себепті, үкімет шешімдеріне ықпал ете алады. Олардың көбі Иранмен тығыз байланыста, яғни Тегеранның қолдауына ие. Бұл жасақтардың Бағдатпен келіссөздердегі позициясын одан әрі күшейтеді.
Бұған дейін қолбасшылар талаптарын үкіметке қарамағындағы жасақтармен, қарумен сес көрсету, яғни күш арқылы орындатып келді. Қазір оларға саяси өкілдігі мен экономикадағы тетіктерін сақтау мүмкіндіктері ұсынылып отыр. Әйтсе де, қаруын тастаған соң, бұрынғы айбары мен ықпалынан айырылып, мемлекеттік органдардың шешімдеріне тәуелді болатыны анық. Сондықтан қаруды мемлекетке өткізу мәселесі жасақтардың ықпалын қаншалықты сақтай алатынына және олардың басшылары мен жауынгерлерінің мүдделерін кім қорғайтынына тікелей байланысты.
Ирак үкіметінің әзірге бұл түйткілді күшпен шешуге шамасы жетпейді. Ондайға барса, жағдайды ушықтырып алуы мүмкін. Тамыз айында «Харакат ан-Нуджаба» тобына қарасты барлау қызметі басшысының ұсталуына байланысты оқиға сөзімізге дәлел.
Reuters агенттігінің мәліметінше, 17 тамызда арнайы жасақ оны америкалық нысандарға жасалған дрон шабуылдарына қатысы бар деген күдікпен ұстады. Күдікті 48 сағат тұтқында болды. Ал оның тобы қатаң жауап беріп, кек алатыны туралы үздіксіз қоқан-лоқы жасады. Қақтығыстың ушығуына жол бермеу үшін мәселеге ықпалды шиит саясаткерлері араласты. Демек, ресми биліктің әскери жасақтарға қарсы күш қолдануы не олардың мүшелерін қолға түсіруі орасан қарсылыққа ұшырайды. Ондай жағдайда үкімет шиеленіскен жанжалды саяси делдалдар арқылы реттеуге мәжбүр болады. Мұны жоғарыда аталған жайт анық көрсетті.
Abbas Hussein Matar, the intelligence director in the pro-Iran Harakat al-Nujaba, was arrested by Iraqi counterterrorism forces in Dhi Qar province, a security source confirmed to The New Region on Monday The source noted that Matar was transferred to Baghdad following his arrest to await legal proceedings
— The New Region (@thenewregion) August 17, 2026
Оның үстіне, Премьер-министр кабинетін кей қарулы топтар қолдайды. Өзін қолтығынан демеп отырған жасақтарға Әз-Заиди қатты қысым жасай алмайтыны түсінікті. Өйтсе, олардың қолдауынан айырлып қалуы ықтимал. Ал шетелдік серіктестерге Ирактағы топтарды қарусыздандыру туралы берген уәдесін орындамаса, халықаралық аренадағы беделі түсіп, абырой-ықпалына күмән мен нұқсан келетіні даусыз. Сондықтан ол екі оттың ортасында қалғандай қиын халде.
Сонымен бірге, қарулы құрылымдардың өздері де қаруды тапсырғаннан кейін не ұтып, не жоғалтатынын әртүрлі бағалайды. Мысалы, «Асаиб әхл әл-Хак», «Катаиб әл-Имам Әли» және Муктада әс-Садр қозғалысының «Сарая әс-Салам» тобы өз арсеналдарын мемлекет қарамағына беруге дайын екенін мәлімдеді. Саяси ықпалын сақтап қалудан дәмелі күштер үшін үкіметпен келісімге келу ең қолайлы шешім екені шүбәсіз.
Ал «Катаиб Хезболла» мен «Харакат ан-Нуджаба» анағұрлым қатаң ұстанымда. Бұл топтар үшін дербес әскери күшке ие болу - Ирактағы және аймақтағы рөлінің маңызды бөлігі. Олар жеңілдіктерді шетелдік күштердің кетуімен байланыстырады. Аталған жасақтардың талаптарының ішінде түрік әскерлерін шығару, Ирактың әуе қорғанысын күшейту және солтүстік шекараларды бақылау тәртібін өзгерту тәрізді мәселелер бар.
🔻#بالصور هيئة #الحشد_الشعبي تُشيِّع رمزياً شهداءَ القصف الأمريكي ، الذين ارتقوا إثرَ الاستهداف الجبان في مدينة #القائم عام 2019 #الشهادة_والسيادة #هيئة_الحشد_الشعبي #المديرية_العامة_للإعلام https://t.co/kV8ULFkUGR
— مديرية الإعلام - هيئة الحشد الشعبي (@teamsmediawar) December 26, 2025
Бұл талаптарды орындау басқа мемлекеттермен және Ирак Күрдістаны билігімен келіссөз жүргізуді қажет етеді. Сондықтан Бағдат олардың барлығын өз бетінше және қысқа мерзімде орындай алмайды. Бұл жағдай қарулы топтарға америкалықтар кеткеннен кейін де қаруды сақтап қалуға желеу болады. Өйткені, олар елдің қауіпсіздігіне төнген басқа қауіптердің әлі жойылмағанын алға тарта алады.
Тағы бір айта кететін дүние - жекелеген мәселелер бойынша келіссөздер ілгеріледі. Қыркүйекте Анкара мен Бағдат Башика – Зеликан базасын кезең-кезеңімен Ирак тарапына беру туралы келісті. Алайда Түркияның Ирактың солтүстігіндегі біраз әскери нысаны бұл келісімге енбей қалды.
Вашингтон мен Тегеран: екі түрлі көзқарас пен мүдде
Вашингтон америкалық әскерлер кеткеннен кейін Ирак үкіметінің қарулы топтардың шабуылдарына тойтарыс беруге және өз аумағындағы қауіпсіздікке жауап беруге қабілетті болғанын қалайды.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио 21 қыркүйекте Нью-Йоркте Әли әз-Заидимен кездесіп, дербес қарулы құрылымдарды жою және Ирак аумағынан жасалатын шабуылдардың алдын алу мәселелерін талқылады. АҚШ үшін Бағдаттың міндеттемелерін орындауы маңызды, яғни дербес жасақтарды үкіметтің ұстанымына қарамастан өз бетінше жүргізетін операцияларын тоқтатуға мәжбүрлі түрде алып келу керек.
Ирактан әскерді шығару шабуылға ұшырайтын америкалық әскери қызметшілердің санын азайтады. Алайда қарулы топтардың АҚШ мүдделеріне және көрші мемлекеттерге соққы беру қатері сақталады. Сондықтан Вашингтон әз-Заидидің мұндай шабуылдарды тоқтата алу қабілетіне қарай оның әрекеттерін бағалап, мәселені одан әрі қарастырады. Егер жасақтар қаруын тастамай, өзімбілемдікке сала берсе, коалицияның кетуі АҚШ пен Ирак арасындағы шиеленіс шешілмеуі әбден мүмкін.
Ал Тегеран америкалық әскердің кетуін оң бағалайды. Өйткені, бұл көршілес елде саяси қарсыласының әскери контингенті мен ықпалын азайтады. Иран парламенті ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Әмір Хаят Мокаддам АҚШ әскерінің кетуін қолдайтынын мәлімдеді.
Reuters агенттігі Мокаддамның сөзін келтіреді:
— Америкалықтар елден және аймақтан кеткеннен кейін Иракта тұрақты қауіпсіздік орнайды, – деді ол.
Алайда бұл мәлімдеме Иран көршілес Ирактағы қарулы құрылымдарды қарусыздандыруды да қолдайды дегенді білдірмейді.
Стимсон орталығының жарияланымында зерттеуші Джавад Хейран-Ниа бұл тақырыпқа қатысты пікір білдірді. Оның тұжырымынша, Иран одақтас қарулы топтарды мемлекеттік құрылымдарға енгізуге олардың өз бетінше әрекет ету мүмкіндігі сақталған жағдайда келісуі мүмкін. Толықтай Бағдатқа бағыну жасақтар қолбасшыларының Тегеранды қолдау мақсатындағы операцияларға өз бетімен қатысу мүмкіндігін жояды. Зерттеушінің бағалауынша, бұл Иранның Иракта ұзақ жыл бойы қалыптастырған әскери және саяси ықпалын айтарлықтай жоғалту қаупін туғызады.
Сондықтан әз-Заиди Вашингтон мен Тегеранның бұл өзгерістерден күтетін нәтижелері әртүрлі екенін ескеруге мәжбүр. АҚШ қарулы топтардың өз бетінше шабуыл жасауын тоқтатуға мүдделі болса, зерттеушінің бағалауынша, Иран өз одақтастарының мүмкіндіктерін сақтап қалуға ұмтылады.
Бұл келісімге келу шеңберін тарылтады. Өйткені, жауынгерлер мен қаруды ресми түрде мемлекеттік бақылауға беру Вашингтон үшін қолайлы болуы мүмкін, бірақ Тегеранның мүддесіне сай келмейді.
Қарулы топтар мүшелері мен қару-жарақты кім басқарады
Негізгі мәселелердің бірі – «Хашд аш-Шааби», яғни Халықтық жұмылдыру күштерінің рөлі. Бұл құрылым Ирактың қауіпсіздік жүйесіне ресми түрде кіреді, елдің Жоғарғы бас қолбасшысына, яғни Ирак Премьер-министріне бағынады және оның жауынгерлері мемлекеттік бюджеттен жалақы алады.
Сонымен бірге, жекелеген құрылымдар Иранмен тығыз байланысын сақтап, Ирак үкіметімен келіспей-ақ операциялар жүргізуге қабілетті.
Мемлекеттік мәртебе мен іс жүзіндегі дербестіктің осындай үйлесімі бірыңғай басқару жүйесін орнатуды қиындатады. Мұны реттеу үшін Бағдат әскери жасақтардың қаруын «Хашд аш-Шааби» басшылығының бақылауына беруді, ал олардың жауынгерлерін әртүрлі бөлімдерге бөлуді көздейді.
Карнеги қорының жарияланымында зерттеуші Әли әл-Мауләуи бұл шараның мәнісін түсіндіреді. Оның жазуынша, командир мен оның жауынгерлері ресми түрде (қағаз жүзінде) мемлекетке қызмет етіп, бірақ өз тобының мүддесі үшін әрекет ететін қалыптасқан жүйені бұзуы тиіс. Қайта ұйымдастырылғаннан кейін олар ортақ әскери басқару желісі бойынша бұйрық алып, мемлекет тағайындаған қолбасшылыққа бағынуы керек.
Жауынгерлерді басқа бөлімдерге ауыстыру оңайға соққанмен, олардың бір орталыққа толық бағынуын қамтамасыз ету әлдеқайда қиын болады. Ұзақ жыл бойы олардың өз көшбасшыларымен берік байланысы қалыптасты. Бұл байланыстар жаңа қызметтік міндеттерден де күшті болуы мүмкін. Егер бұрынғы қарулы топ командирі әлі де өз адамдарын жинап, қару алып, Бағдаттың рұқсатынсыз шабуыл ұйымдастыра алса, топ ресми түрде (қағаз бетінде) таратылғанмен, іс жүзінде сақталып қалған болып есептеледі.
Сондықтан үкімет үшін бөлімдерге кімнің қолбасшылық ететінін, қарудың қайда сақталатынын және оны қашан қолдануға рұқсат берілетінін өзі анықтауы маңызды. Қарулы топтардың үкімет шешіміне қарамастан өз бетінше шабуыл жасай алатыны немесе алмайтыны осыған байланысты шектеледі.
Америкалықтар кеткеннен кейінгі қауіпсіздік
Бағдат әскери жасақтармен қаруды тапсыру жөнінде келіссөз жүргізіп жатқан кезде, Ирак әскері бұған дейін коалицияның қолдауымен атқарылған міндеттерді толықтай өз мойнына алуы тиіс. Америкалықтар барлау мәліметтерін жинауға, операцияларды қамтамасыз етуге және нысандарды әуе шабуылдарынан қорғауға көмектесті. Олар кеткеннен кейін қауіпсіздік деңгейі Ирак күштерінің осы міндеттерді қалай атқаратынына байланысты болады.
#ThrowbackThursday Soldiers with Qwat al-Khasah, the Special Forces of Iraq, conducting tactical training alongside coalition partners, Aug. 2020. CJTF-OIR and the ISF continue to cooperate towards maintaining a stable & secure region. #OneMissionManyNations #PartnerofChoice https://t.co/vJqNcrVEUT
— Operation Inherent Resolve (@CJTFOIR) July 25, 2024
Бұл мәселеге әсіресе Ирактың солтүстігіндегі автономиялық аймақ – Ирак Күрдістанының билігі алаңдаулы. Олар өңірде америкалық әскердің болуын шабуылдардан қосымша қорғаныс ретінде қарастырады. Сондай-ақ, АҚШ әскері кеткен соң, аймақ америкалық әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің қалқасынан да айырылатынын ескертеді.
Ал Бағдат үкіметі Ирактың бүкіл аумағын қорғау үшін жаңа кешендер сатып алуға дайындалып жатқанын мәлімдеді. Алайда олар жеткізіліп, орналастырылғанға дейін күрд билігі аймақтың қажетті қорғаныссыз қалмайтынына кепілдік алғысы келеді.
Барлау мәселесінде қолдаудың азаюы аумақтарынан айырылғаннан кейін де әрекет етіп жүрген «Ислам мемлекетінің» астыртын “жасушаларымен” күресті қиындатуы мүмкін.
The CJTF-OIR Military Advisory Group provides weapon training to Peshmerga forces, further enabling our partner forces in the mission to ensure the enduring defeat of Daesh. #OneMissionManyNations https://t.co/b8v5oWhT1o
— Operation Inherent Resolve (@CJTFOIR) May 15, 2024
Күрд қолбасшысы Сирван Барзани Reuters агенттігіне берген сұхбатында америкалықтардың кетуі содырларға қайта топтасуға мүмкіндік беруі ықтимал екенін ескертті. Бұған жол бермеу үшін Ирак армиясы мен күрд күштері террористердің қозғалысы туралы ақпаратты дер кезінде алмасып, операцияларды үйлестіріп отыруы қажет. Өйткені барлау-бақылауда олқылық кетсе, күні туғанын күтіп жүрген астыртын топтар байланыстарын қалпына келтіріп, шабуыл дайындауы мүмкін деген сын-қатер бар.
Осы жағдайда үкімет қарулы топтарды бағындыруға барынша сақтықпен ұмтылуы тиіс. Себебі, олармен қақтығыс елді қорғауға бағытталған күштерді басқа жаққа бұрып жіберуі мүмкін.
Жасақтардың қарусыздануын 2027 жылғы маусымға ауыстыру Бағдатқа қаруды тапсыру шарттарын келісуге уақыт береді. Бірақ, сонымен қатар, бұл қарулы құрылымдарға өз арсеналдары мен командалық жүйесін ұзағырақ сақтап қалуға жол ашады.
Егер келіссөздер нақты нәтижесіз созыла берсе, қауіпті ахуал қалыптасады. Онда билік халықаралық коалицияның қолдауы әлсіреген, ал ел ішіндегі қарулы күштерге бақылау әлі орнатылмаған жағдайда қалу қаупіне тап болады.
Сондықтан алғашқы айлар аса маңызды. Қарулы топтардың өз бетінше шабуыл жасауды тоқтатып, үкіметтің бұйрықтарын орындауға кірісуі өзекті мәселе. Бұл талаптардың сақталуы Бағдатқа қару-жарақты жасақтардан атыс-қантөгіссіз қабылдауға мүмкіндік береді. Ал жаңа шабуылдар жасалса, онда қарулы топтар қолбасшылары әскери шешімдерді биліктен тәуелсіз қабылдауға әлі де дайын екенін білдіреді.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ Ирактағы ДАИШ-ке қарсы миссиясын аяқтағанын жазғанбыз.
Сонымен бірге, Италия Ирактан әскерін толық әкетті.