АҚШ әскери базалары электр қуаты мен суға тәуелсіз жұмыс істеуге көшеді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Қорғаныс министрлігі ауқымды әскери қақтығыс туындаған жағдайда елдегі ірі әскери базалардың кемінде 90 күн бойы дербес жұмыс істеуін қамтамасыз етуге дайындалып жатыр. Бұл туралы Anadolu агентті жазды. 

АҚШ әскери базалары электр қуаты мен суға тәуелсіз жұмыс істеуге көшеді
Фото: Анадолы

Fox News мәліметінше, дайындық жұмыстары FORTRESS бастамасы аясында жүргізіліп жатыр. Оның мақсаты — азаматтық инфрақұрылымда ақаулар туындаған жағдайда да әскери нысандардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету.

Жоспарға сәйкес, АҚШ-тың құрлықтық бөлігіндегі ірі әскери базалар кемінде 90 күн бойы электр энергиясымен, сумен, отынмен және байланыспен өз бетінше қамтамасыз етілуі тиіс.

Бағдарлама аясында Пентагон қару-жарақ пен отынның стратегиялық қорын жасақтауды, балама жеткізу тізбектерін құруды және дағдарыс кезінде азаматтық кәсіпорындарды қорғаныс өнімдерін шығаруға бейімдеу мүмкіндігін қарастырып отыр.

Бұдан бөлек, мобильді ядролық реакторларды, энергияны сақтауға арналған ірі аккумуляторлық жүйелерді және жергілікті электр желілерін пайдалану жоспарланған. Бұл технологиялар азаматтық электр желілерінен ұзақ уақытқа ажыратылған жағдайда да әскери нысандардың жұмысын жалғастыруға мүмкіндік береді.

Пентагон өкілі Шон Парнелл Anadolu агенттігіне берген түсініктемесінде ұлттық қорғаныстың азаматтық инфрақұрылымға тәуелді болуы елеулі қауіп төндіретінін атап өтті.

«Ұлттық қорғанысты қамтамасыз ету кезінде қарапайым азаматтық инфрақұрылымға тәуелді болғымыз келмейді. Біз мұндай тәуекелге бара алмаймыз. Бұл — жол беруге болмайтын қауіп», — деді ол.

Парнелл FORTRESS бастамасын АҚШ-тың қорғаныс қабілетін сақтауға арналған өзіндік сақтандыру тетігіне теңеді. Оның айтуынша, электр энергиясының үзілуі байланыс жүйелерінің, сумен жабдықтаудың, логистиканың және әскери басқару органдарының жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.

Ол бұған дейін АҚШ-тың қорғаныс тұжырымдамасы елдің екі мұхиттың арасында орналасуына, яғни географиялық артықшылығына едәуір дәрежеде сүйенгенін айтты. Алайда қазіргі заманғы қауіп-қатерлер бұл тәсілді қайта қарауды талап етеді.

Осы орайда Пентагон өкілі АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға, Панамаға және Батыс жартышарға қатысты мәселелерге назар аударғанын, сондай-ақ «Алтын күмбез» деп аталатын ұлттық зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру жоспарын атап өтті.

Бұған дейін АҚШ Таяу Шығыс базаларындағы әскерін азайтып жатқанын жаздық.