АҚШ әскери қызметкерлері 15 қарашадан бастап жалақысыз қалуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та федералдық үкіметтің қаржыландыруының уақытша тоқтатылуы (шатдаун) жалғасқан жағдайда, 15 қарашадан бастап америкалық әскери қызметкерлер жалақы алмай қалуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ әскери қызметкерлері 15 қарашадан бастап жалақысыз қалуы мүмкін
Фото: stripes.com

Бұл туралы елдің қаржы министрі Скотт Бессент CBS News телеарнасының эфирінде мәлімдеді.

Ол Дональд Трамптың қазіргі әкімшілігінің ұстанымын атап өтіп, шатдаун үшін жауапкершілік Демократиялық партиядағы саяси қарсыластарда екенін жеткізді. Бессенттің айтуынша, Конгрестегі демократтар көшбасшыларын мемлекеттік қызметкерлер мен әскери қызметшілердің тағдырынан гөрі келесі жылғы аралық сайлаулар көбірек толғандырады.

— Біз айдың ортасында Пентагон бюджетінің қалған қаржысы есебінен әскери қызметкерлердің жалақысын төлеуіміз мүмкін және мұны қарашаның басында жүзеге асыруға тырысамыз. Алайда 15 қарашаға қарай ел үшін өмірін қиюға дайын сарбаздар еңбекақысыз қалуы ықтимал, — деді министр.

Еске сала кетсек, федералдық үкіметтің ішінара жұмысын тоқтатуы 1 қазаннан бастап күшіне енді. Бұл қаржыландырудың тоқтауына байланысты туындады. Себеп — республикалықтар мен демократтар арасында бірқатар бюджет баптары, соның ішінде денсаулық сақтау шығындары бойынша келісімнің болмауы. Қос партия өкілдері шатдаунның ұзаққа созылуы үшін бірін-бірі саяси мақсат көздеп айыптап отыр.

АҚШ заңнамасына сәйкес, ұлттық қауіпсіздік пен сыртқы саясатқа жауапты министрліктер мен ведомстволар қаржыландыру тоқтаған кезде де жұмысын жалғастыра береді. Сол сияқты «адам өмірі мен мүлкін қорғауға» қатысты міндет атқаратын мемлекеттік қызметкерлер де өз жұмысын тоқтатпайды. Мұндай қызметкерлер, әдетте, жалақысыз еңбек етеді, ал еңбекақы бюджет мәселесі шешілген соң кейін төленеді.

1977 жылдан бері АҚШ федералдық үкіметінің қаржыландыруы әкімшілік пен Конгресс арасындағы келіспеушіліктер салдарынан 20-дан астам рет тоқтаған. Ең ұзақ шатдаун 2018 жылғы 22 желтоқсаннан 2019 жылғы 25 қаңтарға дейін — Трамптың бірінші президенттік мерзімі кезінде 35 күнге созылған.

Еске сала кетсек, 22 күн АҚШ тарихындағы екінші ең ұзақ шатдаун болды.

Сондай-ақ АҚШ-тың мемлекеттік қарызы алғаш рет 38 трлн доллардан асқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар