АҚШ Ауғанстаннан өз әскерін әкетуді кейінге ысыруда
АСТАНА. Тамыздың 2-сі. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Қорғаныс министрі Роберт Гейтс, 2011 жылы Ауғанстаннан американ әскері шығарылып бітпейтінін мәлім етті.
Оның айтуынша, Вашингтон Ауғанстаннан «шектеулі» әскер санын шығаруды қарастыруда. Дегенмен, министрдің айтуынша, контингентті қысқартудың қарқыны мен ауқымы халықаралық күштердің содырларға қарсы операцияларының табыстылығына байланысты болмақ, деп хабарлайды «Азаттық» радиосы.
Коалицияға қатысушы Нидерланды тарапы жексенбі күні Ауғанстаннан өз әскерін бірінші болып шығарды. Құрамында 2 мыңдай әскері болған голландиялық контингент Ауғанстандағы операциялар барысында 24 жауынгерінен айрылды.