АҚШ аумағына 40 мың тірі пиранья әкелген Нью-Йорк тұрғынына 73 мың доллар айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Нью-Йорк тұрғыны АҚШ аумағына заңсыз 40 мың тірі пираньяны енгізгенін мойындады. Бейсенбі күні жергілікті БАҚ хабарлағандай, 66 жастағы Джоэл Рейковер бұл әрекеті үшін 73 мың доллар көлемінде айыппұл төлейтін болады.

АҚШ аумағына 40 мың тірі пиранья әкелген Нью-Йорк тұрғынына 73 мың доллар айыппұл салынды

Тергеу амалдарының деректері бойынша, балықтың бұл түрін американдық Гонконгтан сатып алып, АҚШ-тағы зоодүкендерге өткізіп отырған. Рейковер жеткізушілерді құжаттарға пираньяларды аквариумда өсірілетін балықтар деп жазуға көндірген.

Ал Нью-Йоркте, өзге 20-дан астам американдық штаттағыдай, жеке тұлғаларға пираньяларды ұстауға тыйым салынған.

Тергеу амалдары барысында анықталғандай, Рейковер контрабандамен 2011-2012 жылдары да айналысыпты.

Пираньялар - Амазонка мен Оңтүстік Американың өзге де өзендерінде мекендейтін топтық жыртқыш балықтар. Тістері өткір, балықтар мен өзге жануарларды аулайды. Бұл тіршілік иесі адамға да қауіпті.