АҚШ B-52 бомбалаушыларын Үнді мұхитындағы базаға орналастырды

АСТАНА. KAZINFORM – B-52 бомбалаушы ұшақтары Үнді мұхитында бөлек орналасқан Диего-Гарсия аралына ұшып келіп, сол жерде B-2 бомбалаушыларымен бірікті. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі Air & Space Forces Magazine басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

 АҚШ B-52 бомбалаушыларын Үнді мұхитындағы базаға орналастырды
Фото: airandspaceforces.com

АҚШ Әуе күштерінің ғаламдық соққы беру қолбасшылығы ұшақтардың орналасқан жеріне қатысты түсініктеме берген жоқ.

«АҚШ жауынгерлік қолбасшылықтарымен және тиісті мемлекеттік агенттіктерімен үйлесімде жаһандық операцияларды тұрақты жүргізіп отырады. Бұл әрекеттер АҚШ пен оның одақтастарына қарсы стратегиялық шабуылдардың алдын алу, оларды анықтау және қажет болған жағдайда тойтару мақсатында іске асырылады. Операциялық қауіпсіздікті сақтау үшін оқу-жаттығу немесе операциялар туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілмейді», – делінген қолбасшылық таратқан мәлімдемеде.

Диего-Гарсияда орналасқан бомбалаушылар Йемендегі хусит көтерілісшілеріне қарсы әуе шабуылдарына қатысқан. Алайда аталған операция 6 мамырда аяқталды, себебі АҚШ президенті Дональд Трамп хуситтер Йемен жағалауындағы коммерциялық кеме қатынасына шабуылды тоқтатуға келіскеннен кейін, АҚШ оларға қарсы әуе соққыларын тоқтататынын мәлімдеді.

Бақылаушылар хуситтердің шабуылды тоқтататынына күмәнмен қарайды. Сондықтан АҚШ бұл аймақта келісімді қамтамасыз ету үшін соққы беруге қарулы күштерін қалдыруы мүмкін.

Бомбалаушы жедел топты орналастыру міндетті түрде шабуыл операциялары болатынын білдірмейді. Көбіне ондай ұшқыштар мен ұшақтар оқу-жаттығуларға, одақтастармен бірлескен жаттығуларға қатысады және АҚШ авиациясының мүмкіндігін көрсетеді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай АҚШ-та ұшақ Қызыл теңізде орналасқан әуе тасымалдағышына қонуға әрекеттенген кезде құлап кеткен, ұшқыштар жеңіл жарақат алды. Бұл туралы The New York Times жазған еді.

Еске салсақ, 4 мамырда хуситтер Тель-Авивтегі Бен Гурион әуежайына шабуыл жасады.

 

Соңғы жаңалықтар