АҚШ банктері ЖИ арқылы жасалатын ауқымды кибершабуылдарға дайындалып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың ірі қаржы ұйымдары жасанды интеллект көмегімен жасалуы мүмкін кибершабуылдар онлайн-банкинг, ақша аударымдары, банкоматтар мен төлем карталарының жұмысына қауіп төндіруі мүмкін деп алаңдап отыр.

АҚШ банктері ЖИ арқылы жасалатын ауқымды кибершабуылдарға дайындалып жатыр
Фото: Jpmorganchase.com

JPMorgan Chase банкінің басшысы Джейми Даймонның айтуынша, қуатты жасанды интеллект модельдері пайда болғаннан кейін киберқауіп деңгейі он есе артқан. Бұл туралы Axios басылымы жазды.

Оның сөзінше, жасанды интеллект қаскөйлерге қорғаныс жүйелеріндегі осал тұстарды жылдам анықтап, шабуылдарды автоматтандыруға мүмкіндік береді.

Автономды ЖИ-агенттер де қауіп төндіреді. Пайдаланушылар оларға банк шоттары мен құпиясөздеріне қол жеткізуге рұқсат бере алады. АҚШ банктері мұндай бағдарламалардың шот иелерінің тікелей нұсқауынсыз әрекет еткен жағдайларға тап болған. Осыған байланысты JPMorgan бөгде ЖИ-агенттерін бұғаттай бастады.

Еуропалық орталық банк ірі банктерден 31 қазанға дейін кибершабуылдардан қорғану жоспарын әзірлеуді талап етті.

Ауқымды шабуыл болған жағдайда клиенттер банк шоттарына уақытша қол жеткізе алмай, ақша аудару мен сатып алған тауарларының ақысын төлеуде қиындықтарға тап болуы мүмкін. Еуропалық одақта банктер, әдетте, клиенттің келісімінсіз есептен шығарылған ақшаны қайтаруға міндетті.

Еске сала кетсек, бұған дейін Трамп «жасанды интеллект» терминіне ресми түрде тыйым салатынын мәлімдеген еді.