АҚШ барлаудың шығындары туралы бірінші рет есеп берді

АСТАНА. Қазанның 29-ы. ҚазАқпарат - АҚШ билігі барлау қызметінің шығындары туралы тұңғыш рет ресми мәліметтер берді, деп хабарлайды Вnews ақпарат агенттігі.

АҚШ барлаудың шығындары туралы бірінші рет есеп берді

Жарияланған мәліметтерге сәйкес, 2010 жылы Орталық барлау басқармасы (ОББ) мен басқа агенттіктердің жұмысын қосқанда, әскери барлауға қатысты емес шығын 53,1 миллиард долларды құраған, ал сәйкес мақсат үшін Пентагонға 27 миллиард доллар бөлінген.

АҚШ-тың барлау қызметін қаржыландыруға бөлінген бюджеттік ақшаның жалпы көлемі осы жылы 80 миллиард доллардан асып түскен. Бұдан бұрын барлау шығындары туралы мәліметтер ішінара және жарым-жартылай ғана берілетін, ал қорғаныс министрлігі өздеріне бөлінген қаржы көлемін ашқан жоқ.

Әскери әрекеттер ауқымында іс-қимыл жасайтын барлау қызметтерінің барлығының үстінен қарайтын ұлттық барлау директорының аппараты, соңғы жылдары өзінің шығындары туралы есеп беріп келеді.

Дегенмен, ұлттық барлау қызметінің директоры Деннис Блэр 2009 жылы жалпы шығынның бір бөлігін ғана жария етті. Жорналшылармен сұхбатында ол аталған мақсат үшін 75 млрд доллар жұмсалғанын еске сала кетті.

Блэрдің орнына келген барлау қызметінің жаңа басшысы Джеймс Клэппер (James Clapper) арнайы қызметтер өздерінің шығыны туралы есеп берулері керек, деп есептейді.