07:55, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
АҚШ барлауы: Иранның атом бомбасын жасауға ураны жоқ
ВАШИНГТОН. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат – «Иранның атом бомбасын жасауға қажетті жоғары байытылған ураны жоқ.
АҚШ Ұлттық барлауының директоры Деннис Блэр американ сенаторларының алдында осындай мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, Тегран тек аз байытылған уранға ғана ие, ал жоғары байытылған уранның өндірісі туралы шешім Иранда «әлі қабылданбаған», деп хабарлайды Би-би-си телекомпаниясы. Американдық барлау басшысының бұл мәлімдемесі АҚШ штаб басшылары бірлескен комитетінің төрағасы адмирал Майк Мюлленнің сөзімен сәйкес келмей отыр, адмирал осыдан бір апта бұрын ғана жасаған мәлімдемесінде, Иран өкіметінің атом бомбасын жасауға жеткілікті материалға ие екенін айтқан еді. Оның үстіне Израиль әскери барлауының басшысы генерал-майор Амос Ядлин аптаның басында мәлімдеме жасап, Иранның «технологиялық шектен» өтіп кеткенін және ядролық қару жасау мүмкіндігіне ие болып отырғанын айтқан болатын. Бірақ Би-би-си телекомпаниясының ақпараты бойынша, Ұлттық барлау директоры Деннис Блэр, израильдықтардың «қара аспанды төндіріп отырғанын» айтып отыр. Блэрден кейін сөз алған АҚШ Қорғаныс министрлігінің барлау қызметінің басшысы Майкл Мэплс, Израиль мен АҚШ-тың қарауында бірдей мәлімет болғанын, бірақ тараптар одан Иранның ядролық қару жасау бағдарламасының ықтималдығы туралы әртүрлі түйін жасап отырғанын атап көрсетті.