АҚШ байқаушысы Қазақстандағы Парламент сайлауын Америкадағы президенттік сайлаумен салыстырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына арналған брифингте халықаралық байқаушы, Вашингтон штатының экс-конгрессмені (АҚШ) Дон Боркер Қазақстандағы сайлауды АҚШ-тағы президенттік сайлаумен салыстырды.

АҚШ байқаушысы Қазақстандағы Парламент сайлауын Америкадағы президенттік сайлаумен салыстырды

«Уинстон Черчиль «Демократия - басқарудың ең сорақы түрі, бірақ одан басқалары одан да сорақы» деген екен. Қазақстан да демократияның белгілі бір кезеңінде тұр. Мен Қазақстандағы парламент сайлауын қарап байқадым, оны Америкадағы президент сайлауының процесімен де салыстырдым. Содан түйгенім, Черчиль шынымен дұрыс айтқан секілді», - деді Дон Боркер.

Оның сөзіне қарағанда, Астанадағы сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылған әрі тиімділігі де жоғары.

«Ең бастысы, мен сайлау учаскелерінде адамдардың көңіл күйін көріп, рухын сезіндім. Сайлаушылар дауыс беруге келгенде, олардан мақтаныш сезімді де байқауға болатындай еді. Олар өздерінің дауыс беру құқығын пайдаланғанды ерекше мәртебе санайтын секілді. Бұның бәрі - жағымды жақтары», - деді АҚШ сарапшысы.

«Америкадағы сайлауда азаматтар кабинкаға кіргенде белгілі бір адам үшін дауыс береді, ал Қазақстанда партия үшін дауыс береді. Бұл да ерекшелік болса керек», - деді Дон Боркер.

«Қазақстан демократияның өзегі саналатын сайлау үшін берік негіздер қалап келеді. Адамдар өздерінің конституциялық құқығын жүзеге асыру үшін қалай дауыс беру керек екеніне бейімделіп келеді. Уақыт ете келе Қазақстандағы сайлау жүйесі ең бәсекеге қабілетті болатын секілді. Ең бастысы, Қазақстанның сайлаудағы ұстанымы мен қадамы дұрыс», - деді ол.