АҚШ биыл БҰҰ-ға босқындарға көмек үшін қосымша 482 млн. доллар қаржы бөледі

АСТАНА. 14 сәуір. ҚазАқпарат - Барак Обаманың Әкімшілігі БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы қорына биыл қосымша 482 млн. доллар бөледі, деп хабарлады ИТАР-ТАСС.

АҚШ биыл БҰҰ-ға босқындарға көмек үшін қосымша 482 млн. доллар қаржы бөледі

Бұл туралы кеше Мемлекеттік департамент  мәлім еткен. Сонымен қатар ол АҚШ өткен жылғы 29 желтоқсанда осы мақсатқа 125 млн. доллар бөлетінін еске салған.

«Бұл қаржылық көмек босқындардың Ауғанстан және Конго Демократиялық Республикасы сияқты елдерге қайта оралуына, олардың қоғамға ықпалдасуына, орналасуына және оларды қорғауға  жәрдемдесетін  болады,- делінген таратылған мәлімдемеде. - Сондай-ақ ақша жаңадан қоныс тепкендерді сумен, тағаммен, дәрі-дәрмекпен, тұрғын үймен, біліммен қамтамасыз етуге, Ирак, Йемен, Непал, Пәкістан, Грузия, Оңтүстік Судан, Чад және Кения сияқты елдерде босқындарды қорғауға жұмсалмақ».

Африкада осындай күш-жігер жұмсауға 218 млн доллар, Азия-Тынық мұхит аймағына - 62 млн.-ға жуық, Еуропаға - 22 млн., Таяу Шығыс пен Солтүстік Африкаға - 111 млн., Батыс жартышарына - 15,5 млн. доллар  жұмсалатын болады. Ал нақты Сирия босқындарына 3 млн. доллар аудару жоспарлануда.

Өткен жылы АҚШ Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасына жалпы көлемі 690 млн. доллар ұсынды.

Мемлекеттік департаменттің бағалауынша, әлемде 50 млн.-ға жуық босқындар мен қонысынан айырылған адамдар бар.