АҚШ боксшысы Киркленд Қанат Исламның жекпе-жегін көріп шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде америкалық боксшы Джеймс Кирклендтің (32-2, 28 КО) Ислам-Ассис жекпе-жегін көріп отырғаны туралы видео тарап жүр. 

 АҚШ боксшысы Киркленд Қанат Исламның жекпе-жегін көріп шықты

Сол жекпе-жекте Қанат Исламның қабағы қатты жарылған еді. Алайда қазақстандық боксшы өз қарсыласын бірінші раундта нокаутпен жеңді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның кәсіби бокс федерациясына сілтеме жасап.

Бүгінде Ислам мен Кирклендтің командалары келіссөздер жүргізіп жатыр. Екі боксшының жекпе-жегі 9 қыркүйекте Астана қаласында өтуі әбден мүмкін. Кирклендтің өзі Қазақстанға келуге қарсы емес. Содан болар, қазірдің өзінде америкалық боксшы өзінің келесі қарсыласын зерттей бастады. Әлеуметтік желіде тараған видеода Киркленд ағымдағы жылы ақпан айында өткен Қанат Исламның кезекті жекпе-жегін тамашалап отыр. Бразилиялық боксшы Робсон Ассис нокаутқа түскенде Киркленд: "Уау, еркек екен, тоқтат. Мынаны қара...Тамаша...Көбелектер ұша бастады-ау", - деп өз эмоциясын жасырмады.

Айта кетейік, Джеймс Киркленд 33 жаста. Осы уақытқа дейін ол екі-ақ рет жеңілген. Бірінші рет Головкиннің бұрынғы қарсыласы - жапондық Набуxиро Ишидадан нокаут алса, 2015 жылы GGG-дің келесі қарсыласы - мексикалық Сауль Альварестен де нокаутпен ұтылған болатын. Содан бері Киркленд рингке шыққан жоқ. Ал қазақстандық Қанат Ислам әлі бірде-бір рет жеңілмеген.