АҚШ бір аптада Йеменге 260 рет соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ әскери күштері соңғы бір апта ішінде Йемен аумағына кем дегенде 260 әуе соққысын жасаған. Бұл туралы Йемендегі «Ансар Аллах» (хуситтер) қозғалысының жетекшісі Абдель Малек аль-Хуси мәлімдеді, деп жадазы ТАСС.

АҚШ бір аптада Йеменге 260 рет соққы жасады
Фото: Report

– Осы аптада Америка бомбалаушы ұшақтар мен басқа да әскери техниканы пайдалана отырып, (Йемендегі) азаматтық нысандарға 260-тан астам соққы жасады, – деді аль-Хуси “Al Masirah” телеарнасына берген сұхбатында.

Хусилер жетекшісінің айтуынша, жолдар мен көшелерге, базар мен зиратқа шабуыл жасалған.
2023 жылы Газа секторындағы қақтығыстың ушығуынан кейін хуситтер Израильге қарсы әрекет ететіндерін, сонымен қатар Израильмен байланысты кемелердің Қызыл теңіз бен Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтуіне тосқауыл жасайтындарын ескерткен.

Қаңтар айының ортасында Газа секторында уақытша бітім орнап, хуситтердің шабуылдары тоқтаған еді. Алайда наурыздың басында бітім бұзылған соң, олар Қызыл теңіздегі израильдік кемелерге қайта соққы жасай бастады.

15 наурыз күні АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен Йемендегі хуситтерге қарсы ауқымды әскери операция басталды. АҚШ Орталық қолбасшылығы бұл әрекеттерін «елдің мүддесін қорғау және теңіз жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» деп түсіндірді. Жауап ретінде «Ансар Аллах» қозғалысы Қызыл теңіздің солтүстігіндегі Harry Truman атты америкалық әуе тасымалдаушы кемеге шабуыл жасаған.

Айта кетейік, АҚШ-тың Эль-Ходейда провинциясындағы Рас-Иса мұнай портына жасаған әуе соққысынан 74 адам қаза тапқанын жаздық.

Соңғы жаңалықтар