АҚШ бүкіл әлем бойынша виза беруді тоқтатты
АСТАНА. KAZINFORM — Дональд Трамп бүкіл әлем бойынша АҚШ визасына сұхбаттасуға жазылуды уақытша тоқтатты. Бұл шешім консулдық қызметтерді жаһандық деңгейде қайта ұйымдастыру және виза алуға өтініш берушілерді тексеру шараларын күшейту жұмыстарымен байланысты, деп хабарлайды Republic.
АҚШ Мемлекеттік департаменті елдегі және шетелдегі барлық елшілік пен консулдық қызметкерлеріне арналған жаһандық оқыту бағдарламасын іске қосты. Осыған байланысты виза алуға өтініш берушілерді қабылдау кестесі оқыту бағдарламасының талаптарына сәйкес қайта қаралады.
Сұхбаттасуға алдын ала жазылып қойған өтініш берушілерге электронды пошта арқылы кездесулерінің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберіледі. Сондай-ақ оларға сұхбаттасудың жаңа күні мен уақыты кейінірек хабарланатыны ескертілген.
Бұл шара Дональд Трамп әкімшілігінің иммиграциялық бақылауды күшейту саясаты аясында қабылданып отыр. Аталған саясат виза мен грин-картаға өтініш берушілерді мұқият тексеруді, депортациялау науқанын күшейтуді және босқындарды қабылдау тәртібін қайта қарауды қамтиды.
Еске салайық, осыған дейін АҚШ-та 200 мың шетелдік визасынан айырылуы мүмкін екенін хабарладық.