АҚШ Эбола вирусына қарсы вакцинаны сынау тәжірибесіне қатысатын еріктілерді іріктейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ Сьерра-Леоненің денсаулық сақтау және санитария министрлігімен бірлесіп Эбола вирусынан туындаған ауруға қарсы VSV-ZEBOV вакцинасын сынау үшін 6 мың еріктіні жинамақ. Олардың қатарына вируспен контактіге түсу ықтималдығы жоғары аталмыш африкалық елде жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлері алынады, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл тәжірибенің қатысушылары кездейсоқ ретпен екі топқа іріктеледі. Олардың біріншісіне вакцина бірден қолданылады, ал екінші топқа ол алты айдан соң егіледі. Барлық еріктілерді мамандар вакцинаның қаншалықты тиімді әсері барын анықтау үшін үнемі қадағалап отырады. Ғалымдар VSV-ZEBOV вакцинасы иммундық реакция тудырып, адамды аталымыш вирустан қорғайтын болады деп үміттенеді. Жалпы, эпидемия басталғалы Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 10 604 адам қаза тапты, 25 591 адам аталған вирусты жұқтырды. Дерт Мали, Нигерия, Сенегал, Испания, Ұлыбритания және АҚШ-та да тіркелген. Алайда бұл елдерде Эбола жұқтырғандардың саны он адамнан аспайды. Нигерияда 20 адам Эбола дертіне шалдығып, сегіз адам қаза тапты.