АҚШ экономикасы екінші тоқсанда болжамнан асып түсті

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Сауда министрлігінің Экономикалық талдау бюросы екінші тоқсандағы жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатысты қорытынды деректерді жариялады. Мәліметтерге сәйкес, АҚШ экономикасы жылдық есеппен 2,2 пайызға өскен. Бұл туралы Вашингтондағы Kazinform тілшісі FOX Business-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

сша
Фото: pexels

Бұл көрсеткіш LSEG сауалнамасына қатысқан экономистердің болжамынан жоғары болды. Олар АҚШ ЖІӨ-нің екінші тоқсанда 1,5 пайыз өсетінін күткен еді.

АҚШ-тың Экономикалық талдау бюросының мәліметінше, екінші тоқсанда нақты ЖІӨ өсіміне ең алдымен халықтың қызметтерге, тауарларға және демалысқа арналған көлік құралдарына жұмсаған қаражатының артуы әсер еткен. Деректерді өңдеу орталықтарына, жалға берілетін жылжымайтын мүлікке, ақпараттық технологияларға, ұзақ пайдаланылатын тауарлар өндірісіне, қаржы және сақтандыру салаларына салынған инвестициялар да артқан. Экспорт пен импорт көлемінің ұлғаюы да экономиканың өсуіне ықпал етті.

EY-Parthenon компаниясының бас экономисі Грегори Дако 2026 жылы АҚШ ЖІӨ шамамен 2,5 пайыз өседі деп болжайды. Оның пікірінше, сауда саясаты, геосаяси шиеленіс, энергия бағасының қымбаттауы, демографиялық қысым және иммиграцияға қойылған шектеулер сияқты бірқатар фактор экономиканың өсуін тежеп отырғанын ескерсек, бұл «әбден жақсы көрсеткіш».

Бұған дейін АҚШ-тың базалық мөлшерлемесі әлем экономикасына қалай әсер еткенін хабарлаған болатынбыз.