«АҚШ - еліміз үшін маңызды стратегиялық серіктес» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 13 желтоқсан, сенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
None
None

***

Кеше Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жұмыс тобы Батыс Қазақстан облысында болды. Орал әуежайына қонғаннан кейін Үкімет басшысының орынбасары Бөрлі ауданындағы Березовка ауылына бағыт ұстап мұнда тұрғындармен, педагогикалық ұжым мүшелерімен және ата-аналармен кездесті. Кездесу барысында аталған ауылда балалардың улануына қатысты орын алған оқиға өзара талқылаулар мен пікір алмасулардың басты өзегіне айналды. Осы жайттар арқау болған мақала «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санында «Нақты шешімдер алынбақ» деген тақырыппен берілді. «Бұл мәселеге қатысты Бердібек Мәшбекұлы республикалық комиссия құрылғанын мәлімдеді. Оның құрамында сарапшы мамандар мен экологтар, дәрігерлер мен кәсіподақ өкілдері бар. Оған есімі республикаға танымал азамат Ұзақбай Қарабалин жетекшілік жасайды. Премьер-Министрдің орынбасарының мәлімдеуінше, комиссия мүшелері 2015 жылдың 20 қаңтарына дейін орын алған оқиғаның себептері мен салдарларын жан-жақты әрі егжей-тегжейлі анықтап, нақты шешімге келетін болады. Сонымен бірге, улану оқиғасына қатысты оған кінәлі заңдық тұлғалар тиісті жауапкершілікке тартылмақ. Бұл іспен прокуратура органдары айналысатын болады», - деп жазады басылым.

«Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы экономика, сауда және инвенстициялар, парламентаралық ынтымақтастық салаларындағы қарым-қатынастардың одан әрі тереңдетілуі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Вашингтонға сапары барысында қарастырылған басты мәселелер болды», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санындағы «АҚШ - еліміз үшін маңызды стратегиялық серіктес» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, Е.Ыдырысов сапар барысында Америка-Қазақстан Іскерлер қауымдастығы ұйымдастырған дөңгелек үстелге қатысқан. Жиын барысында бизнес-қауымдастықтың өкілдерін инвестициялық климатты қолайландыру мақсатында Қазақстан Үкіметі қабылдап отырған кең ауқымды шаралармен таныстырды. Шетелдік инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктер, инвестициялық омбудсмен лауазымын қалыптастыру, Қазақстанның 10 жетекші экономикалық әріптес елдеріне визасыз режімнің іске қосылуы қарастырылған заңнамалық және басқа да жаңалықтар толығымен назарға ұсынылды. Америкалық бизнесмендерді «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қазақстанның, алдағы уақытта Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық, сондай-ақ, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Еуразиялық экономикалық одақ құру жөніндегі келісімнің күшіне енуі шеңберінде Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері қызықтырды.

***

«Айқын» газетінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы: Мырзагелді Кемелмен арадағы сұхбат «Тәуелсіздік еліміздің жарқын болашағына жол ашты!» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген ол: «Бүгінгі таңда елімізде экономиканы нығайтуға және жалпы, істің жағдайын жақсартуға бағытталған ең маңызды бағдарламаларға келсек, Елбасы оның төрт бағытын белгіледі: бірінші - ауыл шаруашылығын жүйелі өркендету. Бұл үшін агроөнеркәсіптік кешенді және селолық аумақтарды мемлекеттік реттеу жүзеге асырылып, ауыл-селоларды дамыту, жекелеген бағдарламалар арқылы емес, кешенді жоспарлар мен оны қаржылық қолдаулар арқылы жүргізілмек. Екінші - индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру. Үшіншіден, Каспий мен басқа да бағалы кен орындарының қазба байлығын игеру жалғастырылады. Төртіншіден, инфрақұрылымды барынша жетілдіру жолында ауқымды істер атқарылмақ», - дейді.

***

«Время» газетінде «Астана» велокомандасының басы менеджері Александр Винокуровпен арадағы сұхбат жарық көрді. Онда Қазақстанның даңқты спортшысы соңғы бірнеше ай бойы команда мүшелері арасындағы допинг дауына, алдағы маусымдағы жоспарларына қатысты толымды пікір білдірген. Сонымен қатар ол «Астананың» еуропалық қарсыластарының және шетелдік БАҚ-тардың бүгінде әлемдегі ең танымал, үздік велокоманданы аяқтан шалуын қынжылыспен әңгімелеген.

Соңғы жаңалықтар