АҚШ Елшілігі қызылордалық полицейлерге жаңа автокөліктер сыйлады
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат-Бүгін Қызылорда облыстық есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасына және Кинологиялық қызмет орталығына 5 автокөліктің кілттері табыс етіді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД-ге сілтеме жасап.
Қазақстан Республикасындағы АҚШ Елшілігінің Әскери ынтымақтастық бөлімі жолы күрделі аумақтарға арналған САN-AM Commander 800 DPS автокөлігін, «Toyota HILUX» көлігін, сондай-ақ қызметтік-іздестіру иттерін тасу үшін жарақтандырылған ГАЗ-27527 «Соболь» автокөлігін қайтарымсыз негізде тапсырып отыр.
Америка Құрама Штаттарының Қазақстандағы Елшілігінің бөлімдері ынтымақтастық аясында есірткі бизнесіне қарсы күрес арнайы бөліністеріне техникалық құрал-жабдықтарды бірнеше жылдар бойы беріп келеді.
Есірткі бизнесіне қарсы күресті тікелей жүзеге асырушы бөліністер мен кинологиялық қызметке соңғы 5 жылда жалпы сомасы 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді.
ҚР Ішкі істер министрлігі Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі айналымын бақылау департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ардақ Ерсейітов аталған автокөліктер Есірткіге қарсы күрестің халықаралық бағдарламасы шеңберінде сатып алынғандығын және жету жағдайы күрделі аумақтарда жедел іздестіру шараларын жүргізу үшін қолданылатындығын атап көрсетті.
Атап өтерлік жайт, құрамында есірткі заты бар өсімдіктерді анықтау, осындай деректерге қатысты келіп түскен хабарламаларға жедел түрде ден қойып, барлық құзырлы қызмет салаларымен осы бағыттағы жұмысты үйлестіру мақсатында 2017 жылы Қызылорда облыстық Ішкі істер департаментінде «Дельта-Сырдария» арнайы бөлімшесі құрылған болатын.