АҚШ елшілігі қазақстандықтар үшін маңызды хабарлама жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі визалық әңгімелесуге жазылу туралы хабарлама жариялады. 

виза
Фото: Әділет Беремқұлов/ Kazinform

2 мамырдан бастап, Астана және Алматы қалаларындағы консулдық бөлімдер виза сұхбатына жазылу рәсімін сұхбат күніне үш жұмыс күні қалғанда сағат 17:00–де жабады.

Мәселен, егер сұхбат 2 мамырға белгіленсе, DS-160 өтінішіндегі барлық мәлімет 28 сәуір сағат 17:00–ге дейін толық толтырылып, жіберілуі тиіс.  

DS-160 өтініші бойынша растама хатыңыздағы штрих-код нөмірі (AA00 деп басталады) мен сұхбатқа жазылу жүйесіне енгізілген DS-160 штрих-код нөмірі бірдей болуы керек.

— Сұхбатқа жазылу жүйесіндегі штрих-код нөмірінде қате жоқтығына көз жеткізіңіз. Жиі кездесетін қателердің бірі — «0» санының орнына «O» әрпін пайдалану. Дұрыс штрих-кодтар әрқашан AA00-ден басталады және мұндағы 0 сан ретінде жазылады, — делінген хабарламада.

DS-160 өтінішіңізде көрсеткен сұхбат орны (қала) мен сұхбаттан өту үшін таңдаған орын (қала) бірдей болуы керек.

— Егер сіздің DS-160 формаңызда «Өтінішіңізді тапсыратын орын» деп Алматы көрсетілсе, бірақ сіз сұхбатқа Астанаға жазылған болсаңыз, сіз жаңа DS-160 өтінішін толтырып, сұхбатқа үш жұмыс күні қалғанға дейін штрих-код нөмірін жүйеде жаңартуыңыз қажет, — делінген елшілік хабарламасында. 

Егер сіз жазылып қойған сұхбатыңызға келмей қалған болсаңыз, сізді «келмеген (no show)» деп белгілейді және сіз DS-160 өтінішін жаңадан толтыруыңыз керек.

Қайтадан толтырылған DS-160 өтінішінің штрих-код нөмірін сұхбат күніне кем дегенде үш жұмыс күн бұрын жазылу жүйесінде жаңартуыңыз қажет.

Сіздің DS-160 өтінішіңіз толтырылып, жіберілген болуы тиіс.

Өтініш берушілердің көбі DS-160 өтінішін сұхбатқа бір күн қалғанға дейін толық аяқтамай, созып жүреді. Егер сіз әлі DS-160 өтінішін толтыруды аяқтамасаңыз, онда сұхбатқа кемінде үш жұмыс күні қалғанға дейін тез арада толтырып шығуыңыз керек.

Егер сіздің DS-160 өтінішіңіз осы талаптарға сай келмесе, сіз тіркеліп қойған сұхбат күні мен уақыты жойылады, сізді сұхбатқа «келмеді» деп белгілейді және сұхбатқа қайтадан жазылуыңыз керек болады.

Айта кетелік Қазақстанның көшпелі визасын алғандар салықты қалай төлейтіні туралы жазған едік.

Соңғы жаңалықтар