АҚШ Елшісі алпауыт инвесторлардың өнім бөлісу келісімін жария ету ұсынысына пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюм тау-кен саласына инвестицияны нығайту мәселесіне арналған форумда алпауыт инвесторлардың өнім бөлісу келісімін жария ету ұсынысына пікір білдірді.
«Қазақстан халқының бір бөлігі тоқсаныншы жылдары ірі инвесторлар мен Қазақстан Үкіметінің арасында жасалған өнім бөлісу келісімдерін жалпыға жария етуді талап етіп жүр. Ондай келісімдер АҚШ инвесторларымен де бекітілген. Сіз дипломат ретінде бастамашыл топтардың осы ұсынысына қандай пікір білдіресіз? Келісімдерді жария ету талабы орынды деп ойлайсыз ба?» - деп сұрады журналист форумнан кейін.
Елшінің ойынша, аталған келісімдер екі тарапқа да тиімді етіп жасалған.
«Бұл нақты мұнайға байланысты. Аталған келісімдер Қазақстан Үкіметі мен жеке компаниялар арасында бекітілген. Олардың кейбірі АҚШ-тың компаниялары, кейбірі халықаралық компаниялар болған. Менің қолымда ол келісімдер жоқ және маған олардың мониторингіне жауапкершілік жүктелмеген. Бірақ оның себебі бар, коммерциялық келісімдер белгілі бір үлгімен құрылымдалуы керек. Сол арқылы инвесторлардың құқықтарын қорғау көзделген. Бірақ ол себеп инвестиция тартушы елдің мүддесіне де сай. Нақты бұл жағдайда Қазақстан мүддесіне сай. Тоқсаныншы жылғы келісімдердің қазіргі келісімдерден айырмашылығы бар деп ойлауыма еш себеп жоқ. Мен ол келісімдер коммерциялық тұрғыдан тиімді тәсілмен бекітілді деп ойлаймын. Ол құжаттар жалпыға жария болу керек пе, жоқ па деген мәселе туралы пікірім жоқ. Біз бұл келісімдер инвестиция салушы компаниялардың, сондай-ақ үкіметтің де мүддесіне сай жұмыс істеп келді деп есептейміз», - деді дипломат.