АҚШ, Еуропа және Украина Ресейден 30 күнге сөзсіз бітім жасауды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM —  Украина президенті Владимир Зеленский Киевте өткен "Қалау білдірушілер коалициясының" кездесуінен кейін 12 мамыр, дүйсенбіден бастап кемінде 30 күнге толық әрі сөзсіз атысты тоқтату басталуы тиіс екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ВВС.

АҚШ, Еуропа және Украина Ресейден 30 күнге сөзсіз бітім жасауды талап етті
Фото: x.com/EmmanuelMacron

10 мамыр күні таңертең Украина астанасы Киевке Германия канцлері Фридрих Мерц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер және Польшаның үкімет басшысы Дональд Туск барды.

Саммиттен кейін Украина президенті Владимир Зеленский және еуропалық көшбасшылар АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесіп, олардың Мәскеуге қойып отырған талабын Трамп қолдады.

Қалағандар коалициясының ұсынысы

— Украина мен барлық одақтас құрлықта, әуеде және теңізде 30 күнге толық әрі сөзсіз атысты тоқтатуға дайын. Бұл бітім дүйсенбі күні басталуы тиіс, — деді Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига.

Зеленский атысты тоқтату 12 мамырдан бастап күшіне енуі керек екенін нақтылады.

— Бастысы, біз дүйсенбі, 12 мамырдан бастап кем дегенде 30 күнге созылатын толық әрі сөзсіз атысты тоқтатуға келістік. Біз бұны Ресейден талап етіп отырмыз. АҚШ бізді бұл мәселе бойынша қолдап отыр. Сөзсіз бітім дегеніміз — ешқандай шартсыз тоқтату, — деді Зеленский.

Франция президенті Эмманюэль Макрон Ресей келіспеген жағдайда жаңа санкциялар топтамасы дайын екенін ескертті.

— Егер Ресей келіспесе, ол қосымша санкциялармен және Украинаға қолдаудың күшеюімен бетпе-бет келеді. Жаңа санкциялар пакеті дайын, — деді Макрон.

— Егер [Путин] бейбітшілік туралы байыппен айтып отырса, оны дәлелдеудің уақыты келді. «Егер», «бірақ» шарттар мен кешігулер жетеді, — деді Ұлыбритания премьері Кир Стармер.

«Біз өзімізге еске салуымыз керек: бұл заңсыз соғысты бастаған тек бір ғана ел бар — ол Ресей, және соғысты бейбіт шешуге кедергі болып отырған да сол ел» деді Стармер Киевтегі сөзінде.

Германия канцлері Фридрих Мерц болса, демалыс күндерінен кейін-ақ Киев одақтастарының бұл мақсатқа жете алатыны не алмайтыны белгілі болатынын атап өтті.

Ресейдің реакциясы

Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Киевтен түскен бұл ұсынысқа Ресей бірден жауап беруге дайын емес екенін айтты.

— Біз бұл туралы ойлануымыз керек. Бұл — жаңа жағдай. Біздің өз ұстанымымыз бар. Біз Еуропаның бізге қарсы екенін көріп отырмыз. Еуропа бізге өте ашық түрде қарсы шығып отыр, біз мұны сеземіз, білеміз, және біз мұндай жағдайға әбден үйренгенбіз, — деді ол CNN-ге берген сұхбатында.

Песков сондай-ақ Ресейдің тарихта ешқашан қысымға берілмегенін атап өтті.

Еуропалық көшбасшылар Киевте жаңа санкциялар туралы ескерткенде, Песков өзге сұхбатында «Ресей секілді үлкен аумақты алып жатқан елді оқшаулау оңай емес» деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, ол Ресейдің серіктестері жеткілікті екенін, және олармен барлық бағытта байланыс жалғасып жатқанын айтты.

Киевтегі саммит кезінде Германия канцлері Фридрих Мерц соғысты тоқтатуға көмегі тисе, Ресей президенті Владимир Путинмен жеке кездесу мүмкіндігін жоққа шығармады.

Осыған байланысты Песков сенбі күні Ресей президенті кез келген көшбасшымен байланысқа ашық екенін және бұл байланыс олардың өз дайындық деңгейіне байланысты жүзеге асады деп жауап берді.

Қазіргі уақытта Ресей 30 күндік бітімге келісім бермей отыр. ABC телеарнасына берген сұхбатында Дмитрий Песков Путиннің талабын еске салды: Украинаға қару жеткізу тоқтамайынша, атысты тоқтатуға болмайды.

— Басқаша жағдайда бұл Украина үшін тиімді болар еді. Украина толық мобилизацияны жалғастыра береді, жаңа күштерді майдан шебіне жібереді. Онда неге біз Украинаға мұндай артықшылық беруге тиіспіз? — деді Песков.

Украина 11 наурызда Сауд Арабиясында өткен келіссөздерден кейін АҚШ ұсынған 30 күндік бітімге келісім берген болатын. Путин сөзсіз атысты тоқтатудан бас тартты, бірақ екі рет — Пасха мен Ресейдің Жеңіс күнінде уақытша біржақты «тыныштық» жариялаған еді.

АҚШ және Еуропа ұстанымы

АҚШ президентінің Украина бойынша өкілі Кит Келлог 30 күндік атысты толық тоқтату (әуе, құрлық, теңіз және инфрақұрылымда) Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Еуропадағы ең ұзаққа созылған соғысты тоқтатуға бастама болатынын айтты. Ол X (бұрынғы Twitter) желісінде: «@POTUS [президент Трамп] бірнеше рет айтқандай, қазір-ақ кісі өлтіруді тоқтатыңыздар» деп жазды.

Жұма күні кешке Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт президент Дональд Трамп Украина мен Ресей келесі аптада ұсынылған 30 күндік атысты тоқтатуға келіседі деп үміттенетінін мәлімдеді.

Дональд Трамп 8 мамырда Украина президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, өзінің әлеуметтік желісі — Truth Social-да Ресей мен Украина арасындағы бейбітшілікті «еуропалықтармен бірлесіп» орнатуға тырысатынын айтты.

Айта кетелік 30 күндік бітімгерлікке айырбас ретінде Ресей АҚШ пен ЕО-ға талаптар қойған еді.

Соңғы жаңалықтар