АҚШ ғалымдары темекіні тастаудың тиімді тәсілін анықтады
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-та өкпе обырына тексерілген науқастарға 600 долларға дейін ақшалай сыйақы ұсыну темекіні тастағандар үлесін екі есеге жуық арттырған. Мұндай нәтиже рандомизацияланған клиникалық зерттеу барысында анықталды, деп жазады Пенсильвания университеті.
JAMA журналында жарияланған зерттеуге Penn Medicine, Geisinger, Henry Ford Health және Kaiser Permanente Southern California медициналық орталықтарында өкпені төмен дозалы компьютерлік томографиядан өткізуге жіберілген 3 200-ден астам темекі шегуші қатысты.
Олардың басым бөлігі табысы төмен адамдар, ауыл тұрғындары, афроамерикалықтар мен латынамерикалықтар болды. Бұл топтар сапалы медициналық көмек алуда түрлі қиындықтарға жиі тап болады.
Ғалымдар темекіні тастауға көмектесетін 4 тәсілді салыстырды. Бірінші топқа әдеттегі медициналық көмек көрсетіліп, темекіден бас тарту жөнінде кеңес беріліп, мамандарға жолдама ұсынылды. Екінші топ стандартты көмектен бөлек, темекіні тастауға арналған дәрілерді тегін алды. Үшінші топқа дәрі-дәрмекпен бірге ақшалай сыйақы берілді. Ал төртінші топқа дәрі-дәрмек пен ақшалай сыйақыдан бөлек, темекісіз болашақ өмірді елестетуге көмектесетін FutureMe мәтіндік бағдарламасы ұсынылды.
Зерттеу басталғаннан кейін 6 ай өткенде стандартты көмек алғандардың 4,3%-ы, ал дәрі-дәрмекті тегін пайдаланғандардың 5,1%-ы темекіні тастаған. Дәрі-дәрмекпен бірге ақшалай сыйақы ұсынылған топта бұл көрсеткіш 8,8%-ға жетті. Ал дәрі-дәрмек, сыйақы және FutureMe бағдарламасын қатар пайдаланған төртінші топта қатысушылардың 7,2%-ы темекіден бас тартқан.
Қатысушыларға берілетін сыйақының ең жоғары мөлшері 600 доллар болды. Олар темекіні тастағанын растаған жағдайда екі аптадан кейін 100 доллар, үш айдан соң 200 доллар және 6 ай өткенде 300 доллар ала алды. Әр төлемнің берілуі қан немесе зәр талдауының нәтижесіне байланысты болды. Талдаулар адамның темекі шегуді тоқтатқанын растауға тиіс еді.
Пенсильвания университетінің паллиативтік көмек және ауыр ауруларды зерттеу орталығының (PAIR) директоры, зерттеудің жетекші авторы Скотт Халперн ақшалай сыйақының нәтижесіне тоқталды.
— Бұл адамдар ондаған жыл бойы темекі шеккен және оны тастауға бұрын да бірнеше рет әрекет жасап, нәтиже шығара алмаған болуы мүмкін. Біз ақшалай сыйақы дәстүрлі тәсілдермен көмек көрсету қиынға соғатын топтағы темекіні тастаған адамдардың үлесін арттыратынын анықтадық, — деді ол.
Айта кетейік, Испания темекі шегуге қатысты талаптарды күшейтпек.