АҚШ ғалымдары жасанды бұлшықет жасап шығарды - ВИДЕО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Америкалық ғалымдар ерекше жіптерден және қармақ баулардан мықтылығы жоғары жасанды бұлшықет жасап шығарды. Адамдардың ет денесіне қарағанда, аталған бұлшықеттер жүз есе ауыр салмақты көтере алады және жүз есе көп механикалық энергия тудыра алады.
Өнімділігіне келетін болсақ, ол бір келі аумаққа 7,1 ат күшіне пара-пар реактивті қозғалтқышпен теңесе алады. Далластағы Техас университетінің ғалымдары оның басты құпиясы тек тігін жіптер мен қармақ баулардың қосындысында жатыр деп отыр. Полимерлі жіпті ұршықпен иіріп, бір-біріне қосқан кезде, роторды минутына 10 мың рет айналдыра алатын мықты бұлшықет пайда болады.
Бұлшық ет температураның ауытқуы кезінде жиырылып, суығанда қайта орнына келеді. Мысалы, адамның табиғи бұлшықеттері тек 20 пайызға ғана жиырылатын болса, жасанды бұлшықеттер 50 пайызға дейін жиырыла алады. Сонымен қатар олар берік болып келеді. Бірнеше миллион рет ауыртпалық түсірілсе де, жасанды талшықтардың өнімділігі кемімейді.
«Келешекте бұл полимерлі бұлшықеттердің қолданылу аясы көп болатынына сенімдіміз. Олар «ақылды» протездерде, экзоқаңқаларда, роботтардың аяқ-қолдарын жасауға және өзге де механикалық құрал-жабдықтарда пайдалануы мүмкін», - дейді Далластағы Техас университетінің жанындағы Нанотехнологиялар институтының докторы Рэй Боман.