АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан туристері елімізде 4 күн болады

АСТАНА. ҚазАқпарат – eQonaq ақпараттық жүйесінің дерегіне сәйкес, АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістаннан келген туристер елімізде орта есеппен 4 күн өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

АҚШ, Германия, Оңтүстік Корея және Үндістан туристері елімізде 4 күн болады

Елімізде саяхаттау мерзімі бойынша Өзбекстан туристері көш бастап тұр. Көрші елдің азаматтары Қазақстанда 10 күнге дейін тоқтайды.

Ал, ресейлік туристер 6 күн, Беларусь азаматтары 5 күн, Германия туристері 4 күн болса, Қытай азаматтары елімізде 3,5 күн өткізеді екен.

«eQonaq жүйесі – елімізге келген туристер ағынын бақылау және талдау, орналастыру орындарының тізілімін құру және тағы басқа бірнеше маңызды функцияны орындайды. Басты мақсат – туристерге көрсетілетін қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру. Жүйеге 3 214 орналасу қызметін ұсынатын кәсіпкерлік нысаны тіркелген», - деді Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.