АҚШ Гренландияның бір бөлігін әскери базалар үшін бақылауына алуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Даниямен болашақта жасалуы мүмкін келісім аясында Гренландия аумағының жекелеген учаскелеріне бақылау орнатуы ықтимал. Бұл туралы ТАСС хабарлады.
The New York Times сілтеме жасап отырған дереккөздеріне сүйенсек, АҚШ президенті Дональд Трамптың 21 қаңтарда келісімнің негізі дайындалып жатқаны туралы мәлімдемесінен аз уақыт бұрын НАТО-ға мүше елдердің әскери шенеуніктері ымыралы нұсқаны талқылаған. Ол бойынша Дания АҚШ-қа әскери базалар орналастыру үшін гренланд жерінің шағын бөліктеріне суверенитет беруі мүмкін.
NYT-ке аты-жөнін атамаған үш дереккөз бұл нұсқаны НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте қолдағанын айтты. Олар ұсынылып отырған схеманы Ұлыбританияның Кипрдегі, формалды түрде Ұлыбританияның теңіз асып жатқан аумағы болып саналатын әскери базаларымен салыстырды.
Сонымен қатар, бұл идея Трамп жариялаған тұжырымдамаға кіре ме, жоқ па — әзірге белгісіз, деп нақтылайды NYT. АҚШ президенті «Гренландияға және жалпы Арктика аймағына қатысты болашақ келісімнің негізі әзірленді» деп мәлімдегенімен, егжей-тегжейін ашпай, шарттарды кейінірек түсіндіретінін айтқан.
Еске сала кетейік, Гренландия — Дания құрамындағы автономды аумақ. 1951 жылы АҚШ пен Дания Гренландияны қорғау туралы келісімге қол қойған, оған сәйкес АҚШ НАТО шеңберіндегі міндеттемелерден бөлек, аралды ықтимал агрессиядан қорғауға міндеттенген.
Бұған дейін Трамп НАТО бас хатшысымен келіссөздерден кейін ЕО-ның сегіз еліне қатысты баж салығын енгізуді тоқтатқанын хабарлаған еді. Бұл мәлімдеме Давоста жасалды, онда ол Гренландияның АҚШ үшін ұлттық және жаһандық қауіпсіздік тұрғысынан қажет екенін айтқан. Давоста АҚШ-тың Гренландияға қатысты талаптары талқыланған тұста Германияның бұрынғы министрі Петер Гаувайлер аралды 1 трлн долларға сату туралы ұсыныс білдірген.