АҚШ грузин оппозициясын қолдады
ВАШИНГТОН. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат – Вашингтон грузин оппозициясының Тбилисиде наразылық шарасын өткізу ниетін қолдап отыр, себебі «бейбіт наразылық шаралары кез-келген демократияның маңызды бөлігі болып табылады».
АҚШ Мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Роберт Вуд осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат РБК агенттігіне сілтеме жасап.«Грузияның досы ретінде, Құрама Штаттар грузин халқының демократия қалыптастыру жөніндегі талпынысын қолдайды», делінген Вудтың жазбаша мәлімдемесінде. Сонымен бірге Ақ үй Грузия үкіметі мен наразылық шарасын ұйымдастырушыларды шерудің бейбіт өтуін қамтамасыз етуге шақырып отыр. Грузин оппозициясы Михаил Сакашвилидің отставкасын талап етіп, бүгін Тбилисидің орталық көшелеріне ондаған мың адамды ертіп шығуды жоспарлауда. Наразылық шарасына парламентте орын ала алмаған барлық жетекші оппозициялық партиялар қатысқалы отыр, оларды қоғамдық қозғалыстар да қолдауда. Наразылық шараларын елдің басқа да үлкен қалаларында өткізу жоспарланған.