АҚШ H1N1 вирусына қарсы вакцина егудің ретін анықтауда
НЬЮ-ЙОРК. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Әлия Алтынғазина/ - Жүкті әйелдер, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және 6 айлық және одан жоғары жастағы балалар Америкада H1N1 вирусына қарсы вакцинаны алғашқылардың бірі болып алады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Иммунизациялау жөніндегі консультативтік комитеттің ақпаратына сәйкес, басымдықты санатқа емізулі балалардың ата-аналары мен қамқоршылары, медициналық көрсеткіштер бойынша тәуекел тобына жататын адамдар және 19 бен 24 жастың аралығындағы жастар да кіруі керек.
«Ассошиейтед Пресс» агенттігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та ең осалдар қатарына жатқызылатын басымдықты топтарда 150 миллиондай азамат бар. Үкімет 2009 жылғы қазан айының соңына қарай жаңа тұмауға қарсы тек 120 миллион доза ғана вакцина әзірлеуге уәде беріп отыр. Дегенмен, вакцина егуге кеңес берілген адамдардың жартысы ғана ем қабылдауға барады деп пайымдалуда.