АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ Иран порттарына қатысты әскери-теңіз блокадасын бастады. Бұл шешім президент Дональд Трамп белгілеген мерзім аяқталғаннан кейін күшіне енді, деп хабарлайды Kazinform.

АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізді
Фото: x.com / @CENTCOM

Ұлыбританияның теңіз сауда операциялары басқармасы мәліметінше, 13 сәуір күні Гринвич уақытымен 14:00-ден бастап (Астана уақытымен 20:00) Иран порттарына және жағалау аймақтарына теңіз арқылы қолжетімділікке шектеулер енгізілді. Бұл шектеулер Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Араб теңізі аумақтарын қамтиды.

Басқарма дерегінше, бұл шектеулер Иран порттарына, мұнай терминалдарына немесе жағалау инфрақұрылымына кіретін барлық кемеге, олардың туына қарамастан, қолданылады.

Шаралар Иранның бүкіл жағалау сызығын, соның ішінде порттар мен энергетикалық нысандарды қамтиды. Сонымен қатар, Иранға қатысы жоқ порттарға және кері бағыттағы Ормуз бұғазы арқылы транзит толық тоқтатылмағаны хабарланды. Алайда кемелер өту кезінде әскери қатысумен, байланыс бойынша тікелей нұсқау, сондай-ақ тексеру және бақылау рәсімдерімен бетпе-бет келуі мүмкін.

Иран порттарында тұрған бейтарап кемелерге шығу үшін шектеулі уақыт берілді. Ал кеме қатынасы компанияларына жоғары дайындықты сақтап, навигациялық қауіпсіздікті күшейтіп, байланыс кезінде ерекше сақ болу ұсынылды.

АҚШ Иран порттарына теңіз блокадасын енгізді
Фото: AlJazeera

Бұған дейін АҚШ Орталық қолбасшылығы президенттің бұйрығына сәйкес 13 сәуір күні шығыс уақытымен 10:00-ден бастап (Астана уақытымен 19:00) Иран порттарына кіретін және шығатын барлық теңіз қозғалысына блокада енгізілетінін мәлімдеген.

Америкалық қолбасшылық блокада Парсы шығанағы мен Оман шығанағы аумағындағы барлық Иран портына кіретін және шығатын кемелерге қолданылатынын атап өтті.

Reuters агенттігіне сілтеме жасалған теңізшілерге арналған хабарламада блокада аймағына рұқсатсыз кірген немесе шыққан кез келген кеме ұсталып, бағыты өзгертіліп, кейінге қалдырылуы мүмкін екені айтылған.

Вашингтон не дейді?

Блокада күшіне енгеннен кейін Дональд Трамп Вашингтон Иранға Ормуз бұғазы арқылы әлемдік қауымдастықты «бопсалауға» жол бермейтінін мәлімдеді. Ол АҚШ бұл бағытқа тәуелді емес екенін, елде Сауд Арабиясы мен Ресей елдерінен де көп мұнай мен газ қоры бар екенін айтты. Сонымен қатар көптеген мемлекет АҚШ-тан энергия ресурстарын жеткізуді сұрап жатқанын жеткізді.

Осы аяда Трамп жексенбі күні Ормуз бұғазы арқылы 34 кеме өткенін айтып, бұл көрсеткіш шектеу енгізілгеннен бергі кезеңмен салыстырғанда «айтарлықтай жоғары» екенін атап өтті.
Кейінірек ол америкалық блокадаға жақындаған иран кемелері жойылуы мүмкін екенін ескертті.

Тегеранның жауабы

Тегеран бұл әрекетті қатаң сынға алды. Иран СІМ ресми өкілі Эсмаил Багаи блокаданы әлемдік экономикаға қарсы заңсыз соғыс деп атады.

Иран қарулы күштері халықаралық судағы бұл шектеулерді заңсыз әрекет және қарақшылыққа тең деп бағалады. Ал Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазына жақындаған кез келген әскери кеме қолданыстағы бітімді бұзады деп ескертті.

Иран Қорғаныс министрлігінің өкілі Реза Талаи-Ник шетелдік әскери күштердің бұғазды бақылауға ұмтылысы дағдарысты ушықтырып, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті тұрақсыздандыратынын мәлімдеді.

Нарық пен реакция

Шиеленіс қаржы нарықтарына да әсер етуде. Бұған дейін хабарланғандай, Ормуз бұғазы арқылы қалыпты тасымалдың жақын арада қалпына келетініне сенімнің болмауы және екі апталық бітімнің тұрақтылығына күмәннің артуы аясында мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты.

АҚШ әрекеттері аясында оның одақтастарының қолдауы шектеулі болып отыр. Ұлыбритания мен Франция блокадаға қатыспайтынын және кеме қатынасын дипломатиялық жолмен қалпына келтіруді қолдайтынын мәлімдеді.

Сонымен қатар БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Ормуз бұғазы маңындағы ұзаққа созылған дағдарыс тыңайтқыштар мен энергия ресурстарының жеткізілуіне іркіліс әкеліп, азық-түлік бағасының өсуін жеделдетіп, әсіресе кедей елдерде инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін екенін ескертті.

Соңғы жаңалықтар