08:17, 06 Наурыз 2009 | GMT +5
АҚШ Иранмен ауған мәселесін талқыламақ
БРЮССЕЛЬ. Наурыздың 6-сы. ҚазАқпарат - АҚШ Ауғанстандағы дағдарыстан шығудың стратегиясын талқылау жөніндегі халықаралық конференцияға Иранды шақыруды жоспарлауда.
Брюссельде өткен НАТО елдерінің сыртқы істер министрлерінің кездесуінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Reuters агенттігіне сілтеме жасап.Бұған дейін де Х.Клинтон ханым, қажет болған жағдайда Ауғанстан проблемаларына арналған кездесуге Иранның қатысу мүмкіндігін АҚШ-тың жоққа шығармайтынын айтқан болатын. Ақпанның 17-сінде АҚШ президенті Барак Обама Ауғанстандағы американ контингентін 17 мың адамға кеңейту туралы шешім қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта ол елде 38 мың АҚШ әскери қызметкері мен 30 мыңдай қызмет көрсетуші адамдар бар. Б.Обама бұған дейін, Американың Иранға қатысты өз саясатын қайта қарастырып отырғанын және «сындарлы диалогқа әкелетін түйісу нүктелерін іздестіріп жатқанын» мәлім еткен еді. АҚШ президенті сонымен бірге «Тегеранның да өз іс-әрекетін өзгертетін уақыт келгенін» атап көрсетті.