АҚШ Иранның ядролық бағдарламасы туралы ақпарат үшін 20 млн доллар ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Мемлекеттік департаменті Иранның ядролық бағдарламасы туралы ақпарат бергендерге 20 млн долларға дейін сыйақы жариялады. Вашингтон ядролық нысандар, жабдықтар мен мамандар туралы, сондай-ақ америкалық соққылардан кейін олардың қайда орналасқаны жөнінде мәлімет алуға үміттеніп отыр, деп хабарлайды BILD басылымы.
АҚШ тарапы әсіресе ядролық бағдарламаға қатысы бар ғалымдар мен басқа да қызметкерлер, сондай-ақ жабдықтардың орын ауыстыруы туралы ақпаратқа қызығушылық танытып отыр. Мәліметтерді Signal шифрланған мессенджері немесе АҚШ Мемлекеттік департаментінің арнайы анонимді онлайн арнасы арқылы жіберуге болады.
Ақшалай сыйақымен қатар, қажет болған жағдайда ақпарат берушілерге басқа елге қоныс аударуға көмектесуге уәде етіледі. Бұл ұсыныс АҚШ-тың «Әділдік үшін сыйақы» (Rewards for Justice) бағдарламасы аясында жүзеге асырылады.
АҚШ Мемлекеттік департаменті бұл бастаманы Вашингтонның Иранның ядролық бағдарламасының қазіргі жағдайы туралы жеткілікті әрі сенімді ақпаратқа ие еместігімен түсіндіреді. МАГАТЭ инспекторларының жұмысына қойылған шектеулерге байланысты халықаралық агенттік Тегеранның қызметін, соның ішінде уран байытуға арналған жабдықтардың өндірісі мен қорын толық бақылай алмай отыр.
АҚШ ведомствосының мәліметінше, Иран уранды 60 пайызға дейін байытқан. Ал қару жасауға жарамды уран алу үшін оны әдетте шамамен 90 пайызға дейін байыту қажет. Сарапшылардың болжамынша, елдегі қолда бар қорды одан әрі байытқан жағдайда бірнеше ядролық оқтұмсық жасауға жетуі мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін МАГАТЭ Ираннан қару жасау деңгейіне жақын байытылған уран қоры туралы нақты мәлімет беруді талап еткен еді. Ол кезде агенттік инспекторлары бес айдан астам уақыт бойы бұл қорды тексере алмаған.
Ал Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи уран қорының басым бөлігі әуе соққылары салдарынан қираған ядролық нысандардың астында қалғанын мәлімдеген еді.