АҚШ кәмелетке толмағандардың жынысын ауыстыруын қаржыландырмайды
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ президенті Дональд Трамп 19 жасқа толмаған азаматтардың бір жыныстан екінші жынысқа ауысуын федералдық қолдауды тоқтатуға бағытталған жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Global News.

– Америка Құрама Штаттарының саясаты баланың бір жыныстан екінші жынысқа ауысуын, деструктивті және өмірді өзгертетін процедураларды қаржыландырмайды, демеушілік көрсетпейді, көмектеспейді немесе қолдамайды және тыйым салатын немесе шектейтін барлық заңдарды қатаң түрде орындайды, – деді Трамп мәлімдемесінде.
Бұл – Трамптың Байден әкімшілігінің трансгендерлерді қорғайтын саясатын кері қайтаруға бағытталған соңғы әрекеті. Дүйсенбіде Трамп Пентагонға трансгендерлерді әскери қызметтен шеттетуге бағытталған тексеру жүргізуді бұйырды.
Трамп сондай-ақ жынысты тек ер немесе әйел ретінде танитын бұйрыққа қол қойды. Бұл қазірдің өзінде Мемлекеттік департаменттің «Х» гендерлік белгісі бар төлқұжаттарды беруді тоқтатуына әкелді.
– Соңғы аптадағы бұйрықтармен қатар бұл бұйрық та осы елдегі адамдарды қорғауға емес, керісінше барлық жастағы трансгендерлерді қоғамнан шеттетуге арналғаны анық, – деді Америкалық Азаматтық бостандықтар одағының ЛГБТК және АИТВ жобасының заңгері Харпер Селдин.
Сондай-ақ, елде трансгендерлердің әйелдер мен қыздар арасындағы спортқа қатысуына жол бермеу және трансгендерлердің, әсіресе мектептерде қай әжетхананы пайдалана алатынын белгілеу үшін Республикалық партия бақылауындағы штаттарда түрлі қадамдар жасалып жатыр.
Бұған дейін АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы транссексуал студент-спортшылардың әйелдер спортына қатысуына тыйым салатын заң жобасын қабылдағаны хабарланған болатын.