АҚШ Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларын қолдайды

«Бүгін АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зеяның сапары аясында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – ҚР Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның тең төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтың бірінші отырысы өтті. Бұл тетік екіжақты қарым-қатынасқа қосымша серпін береді және Қазақстанның демкоратиялық күн тәртібін ілгерілетуге бағытталған», - деді ол.
Оның атап өтуінше, шара барысында тараптар БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі ынтымақтастық, діни сенім бостандығы, Қазақстандағы саяси реформалар, халықтың әлжуаз тобының құқығын қорғау және ықпалдастыру, адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланған.
Сонымен қатар әйелдердің, мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтары мен мүмкіншіліктерін кеңейту, қауіпсіздік, құқық қорғау салаларындағы ынтымақтастық, жемқорлықпен күрес мәселелері қозғалды.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық жасаған елді одан ары демократияландыруға, адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған саяси реформаларға баса мән берілді. Америкалық тарап Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы, мемлекеттік институттардағы саясатын одан ары жүзеге асыруға қолдау білдірді. Қазақстан мен АҚШ сындарлы ынтымақтастықты одан ары қолдауға және жоғары әрі жоғарғы деңгейдегі стратегиялық серіктестікті кеңейтуге ниетті», - деді Ақан Рахметуллин.