АҚШ қазақстандық студенттердің визасын жойып жатыр ма — СІМ жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Сыртқы істер министрлігі АҚШ-та қазақстандық студенттердің визасының күшін жою жағдайына қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.

— Вашингтондағы елшілікпен байланыстамыз, алайда бізге визаны жойып жатыр деген ақпарат келіп түскен жоқ. Бұл ақпаратты біз де сіздер сияқты ашық дереккөздерден, БАҚ арқылы біліп отырмыз. Біздің білуімізше, визаны жою, елден шығарған жағдайлар болған, әсіресе палестиналық қозғалыстарға қатысатындарды шығарған, — деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин Сенат қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, қазір аталған мәселе қайта қаралып жатыр.
— Шешім өте тез қабылданады, кейін барып нақты зерттеу жүргізіліп, басқа шаралар қабылдана бастайды. Менің ойымша, алаңдауға негіз жоқ. Білім беру жүйесі барлық жерде ұқсас. Студенттерге тек өздерінің ректорларына, деканаттарына және шетелдік студенттермен жұмыс істейтін бөлімдерге жүгініп, оқуын жалғастыру қажет. Егер олар заңды негізде сонда оқып жатса, заңды түрде түскен болса, студенттік визалары болса, ештеңеден қорқудың қажеті жоқ, — деп толықтырды министрдің орынбасары.
Айта кетейік, АҚШ-тан өз еркімен қайтатын қазақстандықтар 1000 АҚШ долларын алады.
Бүгін Сенат АҚШ-қа Алматыдан 49 жылға жер телімін жалға беру туралы заңды мақұлдады.