АҚШ көкпаршылары жердегі серкені жақсы іледі екен – қазақстандық шабандоз
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына бақ сынауға келген 9 елдің көкпаршылары «Қазанат» ипподромында өнер көрсетіп жатыр.
Америкалық көкпаршыларды 12:4 есебімен ұтқан қазақстандық шабандоздар керемет ойын өрнегімен елдің ыстық ықыласына бөленді. Ойыннан кейінгі әсерімен бөліскен ҚР көкпар құрама командасының ойыншысы Ернат Мәлімбаев АҚШ көкпаршыларының ерекшеліктері туралы айтып берді.
«АҚШ көкпаршылары мен сәтті ойын өткіздік. Өзім 1 салым салдым. Біз үшін қиын болмады. Дайындығымыз жақсы бұйырса финалда жеңіске жетеміз деп ойлаймын. Америкалық көкпаршылар бұл ойынды енді үйреніп жүрсе де жақсы ойын көрсете білді. Менің байқағаным, АҚШ көкпаршылары жердегі серкені жақсы іледі, қимыл-қозғалыстары тез. Ұлттық ойынымызды түсініп, төселіп келе жатқанын байқадым», — дейді шабандоз.
Айта кетейік кеше, іріктеу кезеңінде қазақстандық кокпаршылар Өзбекстан құрама командасын 16:0 есебімен айқын жеңген еді.