АҚШ Колумбияға есірткі картельдерімен күрес үшін 1 млрд доллар бөлмек
АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ Колумбияның жаңа президенті Абелардо де ла Эсприэлья әкімшілігін қолдауға 1 млрд доллар бөлуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды ТАСС.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге сәйкес, Дональд Трамп әкімшілігі Конгреспен бірлесіп, Колумбияның жаңа президентін қолдауға бағытталған қауіпсіздік саласындағы 1 млрд долларлық көмек пакетін жариялауды жоспарлап отыр.
Қаражат Вашингтонмен бірлесіп Батыс жарты шардағы ұйымдасқан қылмыс пен есірткі саудасына қарсы күреске бағытталмақ. Сонымен қатар қаржының бір бөлігін экономикалық жобаларды жүзеге асыруға, сауда көлемін арттыруға және аса маңызды минералдар кен орындарын игеруге пайдалану көзделген.
Колумбия президенті Абелардо де ла Эсприэлья инаугурациядан кейін мемлекет басшысы ретіндегі алғашқы сөзінде елінің АҚШ құрған «Америка қалқаны» альянсына қосылатынын мәлімдеді.
7 наурызда Майамиде өткен «Америка қалқаны» саммиті аясында АҚШ президенті Латын Америкасының бірқатар елдерінің басшыларымен кездесті. Олардың қатарында Аргентина, Боливия, Гондурас, Коста-Рика, Панама, Парагвай, Сальвадор және Эквадор басшылары, сондай-ақ Чилидің сайланған президенті болды.
Саммит барысында есірткі картельдеріне қарсы халықаралық әскери коалиция құрылғаны жарияланды.
Айта кетейік, АҚШ-тың қолдауымен Венесуэлада билік пен оппозиция келіссөзге кірісті.