АҚШ компаниясы ұшырған «Blue Ghost» ғарыш аппараты Ай бетіне сәтті қонды
АСТАНА. KAZINFORM — АҚШ-тың жеке меншік Firefly Aerospace аэроғарыш компаниясы 2 наурыз күні ұшырған «Blue Ghost» ғарыш аппаратының Ай бетіне сәтті қонғанын хабарлады. Аппарат бірқатар ғылыми тапсырманы орындап, адамзаттың Айға бағытталған болашақ миссиялары үшін маңызды деректер жинауға көмектеседі.

Компанияның ресми сайты ұсынған ақпаратқа сәйкес, «Blue Ghost» АҚШ орталық уақыты бойынша 2 наурыз күні 02:34-те (Астана уақытымен 13:34) Ай бетіне сәтті қонды.
Қону орны – Айдың бергі бетінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі Mare Crisium (Қауіпті теңіз) бассейні. Құрылғы жеткен бойда Ай бетінен түсірілген алғашқы суретті Жерге жіберіп үлгерді.
Firefly Aerospace компаниясы оқиғаның маңыздылығын атап өтіп, өзін тарихтағы ғарыш аппаратын «Айға толықтай сәтті қондырған алғашқы коммерциялық компания» деп мәлімдеді.
Компания өкілдерінің айтуынша, «Айдағы осы кішкентай қадам коммерциялық бағыттағы ғарыштық зерттеулер үшін ірі секіріс» болмақ.
Бұған дейін, 2024 жылдың ақпан айында, АҚШ-тың Intuitive Machines компаниясы ұшырған «Odysseus» аппараты Айға қонғанымен тепе-теңдігін сақтай алмай, бір бүйірлеп жатып қалғандықтан, миссиясын мерзімінен бұрын аяқтатқан еді.
«Blue Ghost» NASA-ның 10 ғылыми-технологиялық құралын алып ұшқан. Алда құрылғы бірнеше маңызды ғылыми жобаны орындайды. Олардың қатарында Ай топырағын бұрғылау, реголит үлгілерін жинау және радиацияға төзімділік бойынша есептеу жүргізу жұмыстары бар.
Firefly Aerospace компаниясы – NASA-ның Commercial Lunar Payload Services (CLPS) бағдарламасының серіктестерінің бірі. Бұл бағдарлама Ай бетіне ғылыми эксперименттік жабдықтар мен жүк жеткізуге бағытталған. АҚШ-тың «Artemis» миссиясы аясында адамды Айға шығаруға негіз қалау басты мақсаттарының бірі саналады.
Еске сала кетейік, бұған дейін «Прогресс МС-30» ғарыш кемесі бар зымыран Байқоңырдан сәтті ұшырылғанын жазған едік.